SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан ғылымының көрнекті өкілі, Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы Рауза Меңдіахметқызы Қонаева 92 жасында дүниеден өтті. Қаралы хабарды 2026 жылғы 16 қаңтарда Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қор мәлімдеді.
Қор ұжымы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, Рауза Меңдіахметқызының ел ғылымындағы еңбегін ерекше атап өтті.
Рауза Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шілік ауылында дүниеге келген. Ол Меңдіахмет пен Зәуре Қонаевтардың 11 баласының ішіндегі кенжесі болған. Жасы үлкен бауырларымен арадағы айырмашылық айтарлықтай еді: әпкесі Амина өзінен 27 жас үлкен болса, ағасы Асқар Меңдіахметұлы бес жасқа үлкен болған.
Болашақ ғалым Алматыдағы №28, №10 және №36 мектептерде білім алды. 1952 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, оны 1956 жылы сәтті аяқтаған.
1957 жылдан 2016 жылға дейін Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде еңбек еткен. Ол Биохимия институтында (1957–1983) және Молекулалық биология және биохимия институтында (1983–2016) ұзақ жылдар бойы ғылыми қызмет атқарды.
Қор мәліметінше, Рауза Қонаева – биология ғылымы саласындағы ірі ғалым, оның еңбектері Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танылған.
Марқұмның адами болмысы да ерекше аталды. Ол жоғары зиялылығымен, қарапайымдылығымен, адамдарға деген ілтипатымен, әріптестікке адалдығымен танылған. Рауза Минлиахмедқызы Қазақстандағы белгілі құқықтанушы, ірі ғалым Мұрат Баймахановтың жары болған.
Олардың қызы Дана Баймаханова әкесінің жолын жалғап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор, заң ғылымдарының докторы атанды.
RUS