519

Жангелдиндегі қанды оқиға: марқұмдардың ұл-қызын іздеу тоқтатылды

Құтқарушылар полицияның өтінішімен жұмыс істеген.

Жангелдиндегі қанды оқиға: марқұмдардың ұл-қызын іздеу тоқтатылды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында із-түссіз жоғалған отбасының екі баласын іздеу жұмыстары тоқтатылды.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1990 жылы туған Мирамгүл Қарабалина мен 1993 жылы туған Наурыз Мұқанғалиевті іздеу-құтқару шаралары ресми түрде аяқталған. Құтқарушылар іздеу жұмыстарына облыстық полиция департаментінің өтінішімен тартылған.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, полиция көрсеткен барлық аумақ толық тексерілген. Қазіргі уақытта іздеуді жалғастыру туралы жаңа тапсырма немесе қосымша өтініш түспеген.

«Полиция анықтаған барлық аумақ жан-жақты қаралды. Қосымша ақпарат немесе жаңа деректер болмағандықтан, іздеу-құтқару жұмыстары тоқтатылды», – деп хабарлады төтенше жағдайлар департаменті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесі 2025 жылдың күзінде із-түссіз жоғалғаны белгілі болған. Олар – 1959 жылы туған Мақсот Қарабалин, оның жұбайы 1961 жылы туған Нәсіп Өтешқалиева және балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиев.

Кейінірек ерлі-зайыпты Қарабалин мен Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласынан көмілген күйде табылды. Ал олардың екі баласы әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендер қатарында қалып отыр. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Полиция мәліметінше, отбасының екі мүшесін өлтірді деген күдікпен 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланған. Ол – марқұмдардың күйеу баласы, Атырау облысы Махамбет ауданының тұрғыны. Құқық қорғау органдары күдіктінің жүрген жері белгілі екенін және оны жақын уақытта ұстау жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Материал авторы