Иран интернеттен біржола ажырауы мүмкін
Билік жаңа интернет саясатын іске қоспақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иран билігі елді жаһандық интернеттен біржола ажыратуды жоспарлап отыр. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, алдағы уақытта әлемдік желіге тек биліктің арнайы тексеруінен өткен азаматтарға ғана рұқсат берілуі мүмкін.
Иран ислам республикасы бұған дейін қолданылып келген жаппай интернет-цензура моделінен бас тартып, әлдеқайда қатаң саясатқа көшкен. Filterwatch ұйымының есебінде бұл стратегия «абсолютті цифрлық оқшаулау» деп аталады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, мемлекеттік БАҚ пен үкімет өкілдері бұл шешімнің уақытша емес екенін ашық меңзеп отыр. Олардың ескертуінше, 2026 жылдан кейін Иранда шектеусіз интернет қолжетімділігі қайта қалпына келмейді.
Жоспарға сәйкес, құпия ақпаратқа қол жеткізу құқығы бар немесе үкіметтік сүзгіден өткен азаматтар ғана ғаламдық интернеттің шектеулі нұсқасын пайдалана алады. Ал елдің қалған тұрғындарына тек ұлттық интернет желісі қолжетімді болмақ. Бұл — Иран аумағында ғана жұмыс істейтін, сыртқы әлемнен толықтай оқшауланған параллель желі.
Filterwatch ұйымының басшысы Амир Рашидидің айтуынша, мұндай жүйе Иран қоғамын ақпараттық тұрғыдан толық бақылауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Иранда интернетті өшіру 8 қаңтарда басталған. Бұл шешім үкіметке қарсы наразылықтардың 12 күнге созылған шиеленісінен кейін қабылданған. Қазіргі таңда елдің бірқатар аймақтарында интернетке қолжетімділік әлі де шектеулі күйде қалып отыр.
Материал авторы