SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей қаласында қыстың қақ ортасында бірқатар тұрғын үй жылусыз қалды. Қалалық әкімдік жағдайды магистральдық жылу құбырындағы апатпен және қатты аязбен байланыстырды.
Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда Габбасов атындағы қазандықтан түтін шықпай тұрғаны, ал тұрғын үйлердегі батареялардың суып кеткені көрсетілген. Қала тұрғындары жылу жүйесінің жұмыс істемей қалғанына алаңдаушылық білдірді.
Кейін Семей қаласының әкімдігі ақпаратты растады. Әкімдіктің мәліметінше, қатты аяз салдарынан Беспаев көшесінде орналасқан магистральдық жылу құбырында апат тіркелген.
18 қаңтарға қараған түні апатты жою жұмыстары аяқталғаны хабарланды. Қала әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, барлық шұғыл қызмет пен авариялық бригадалар жедел жұмылдырылып, ақау қысқа мерзімде қалпына келтірілген.
«Кешкі уақытта магистральдық құбырдан ақау анықталды. Дереу жедел штаб құрылып, барлық арнайы қызметтер оқиға орнына жетті. Қазіргі уақытта апат толық жойылды», – деді қала әкімі.
Әкімнің мәлімдеуінше, Габбасов қазандығы біртіндеп қалыпты жұмыс режиміне көшкен. Түнгі уақытта абоненттерді кезең-кезеңімен жылу жүйесіне қосу басталған. Қала басшысы тұрғындардан туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрады.
RUS