Трамп Еуропаға қарсы сауда соғысын бастады
АҚШ сегіз еуропалық елге 25 пайыздық тариф енгізеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп сегіз еуропалық елдің тауарларына қатысты қатаң сауда шектеулерін енгізетінін ресми түрде мәлімдеді. Ақ үй басшысының айтуынша, бұл шешім аталған мемлекеттердің Гренландияны Вашингтон бақылауына беру жөніндегі бастаманы қолдаудан бас тартуымен тікелей байланысты. Бұл туралы The Associated Press агенттігі жазды.
Трамптың Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған мәлімдемесіне сәйкес, тарифтік қысым кезең-кезеңімен күшейтіледі. 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап АҚШ-қа Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндиядан жеткізілетін барлық тауарға 10 пайыздық кедендік баж салығы салынады. Ал 1 маусымнан бастап бұл көрсеткіш 25 пайызға дейін өседі.
АҚШ президенті шектеулер «Гренландияны толық әрі түпкілікті сатып алу туралы келісім жасалғанға дейін» күшінде болатынын атап өтті. Оның сөзінше, Вашингтон ондаған жыл бойы Еуропаны қаржылай қолдап келді, енді Дания «қарызын қайтаруы тиіс».
Трамп Гренландияға қатысты талабын ұлттық қауіпсіздік мүддесімен түсіндірді. Оның айтуынша, арал АҚШ-тың «Алтын күмбез» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі үшін стратегиялық маңызға ие. Сонымен қатар, ол Данияның бұл аумақты қорғауға қауқарсыз екенін, ал аймақ суларында ресейлік және қытайлық суасты қайықтары жүргенін алға тартты.
«Оларда қорғауға арналған небәрі екі ит шанасы бар, оның бірі жуырда ғана алынған. Бұл ойында тек АҚШ қана шынайы ойыншы бола алады», – деді Дональд Трамп.
Вашингтонның бұл қадамы Еуропада қатты сынға ұшырады. Дания мен Гренландияның сыртқы істер министрлері АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио және вице-президент Джей Ди Вэнспен кездесуден кейін «түбегейлі келіспеушілік» барын мәлімдеді. Гренландия билігі «арал сатылмайды» деген ұстанымын тағы да растады.
Еуропалық одақ Брюссельде АҚШ-қа қарсы үйлестірілген жауап әзірлей бастады. Атап айтқанда, жаңа сауда келісімін тоқтату және айна-қатесіз жауап тарифтерін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Ресейде бұл жағдайды «ерекше әрі бұрын-соңды болмаған қадам» деп бағалап, Гренландияның халықаралық құқық бойынша Данияға тиесілі екенін атап өтті.
Ал Дональд Трамп мақсатына жету үшін НАТО құрамынан шығу нұсқасын да жоққа шығармайтынын мәлімдеп, «ешбір мүмкіндіктен бас тартпайтынын» айтты.
Бұған дейін АҚШ президенті Гренландияны өз бақылауына алу жоспарын дайындап жатқаны туралы ақпарат тараған еді.
Материал авторы