SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда полиция есірткі саудасына қарсы арнайы операция жүргізіп, интернет арқылы таратумен айналысқан екі әйелді ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Арнайы операция барысында 21 және 39 жастағы екі күдікті қолға түскен. Тінту кезінде олардың тұрғылықты мекенжайынан бірнеше ұялы телефон, электронды таразылар, орау материалдары, сондай-ақ өсімдік тектес және ұнтақ күйіндегі есірткі заттары табылып, тәркіленді.
Атап айтқанда, жалпы салмағы шамамен 30–40 грамм болатын жасыл түсті «спайс» заты салынған 30-дан астам түйіншек, сондай-ақ ақ және қоңыр түсті ұнтақ есірткілердің 10 грамнан астамы анықталған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер 2025 жылдың тамыз айынан бері интернет-дүкендердің бірінде наркокурьер ретінде заңсыз қызмет атқарған. Олардың әрекетін «StroyKz09» никнеймімен тіркелген куратор үйлестіріп отырғаны белгілі болды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, екі әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр, күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысы тексерілуде.
RUS