SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Дубай қаласында өткен Ten-Pro Global Junior Tour халықаралық турнирінде қазақстандық жас теннисші жеңіске жетті. Әлемнің түрлі елдерінен келген жасөспірімдер бақ сынаған жарыста 14 жастағы Матвей Пономарев чемпион атанды.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, турнирге АҚШ, Жапония, Франция және өзге де елдерден келген 42 жас спортшы қатысқан. Бәсекенің финалында алматылық теннис мектебінің түлегі Матвей Пономарев мысырлық Мохаммед Басарды 6:0, 6:2 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлдені иеленді.
Жас спортшының басты мақсаты — ITF Juniors әлемдік рейтингінің үздік 100 ойыншысы қатарына ену. Осы мақсатта ол халықаралық турнирлерге қатысып, ойын шеберлігін шыңдауды және рейтингтік ұпай жинауды жалғастырмақ.
Айта кетейік, бұған дейін тағы бір қазақстандық теннисші Заңғар Нұрланұлы ITF J300 Траралгон турнирінің ширек финалына шығып, ел теннисі тарихындағы маңызды нәтижеге қол жеткізген еді. Аталған жарыс дәстүрлі түрде жасөспірімдер арасындағы Австралия ашық чемпионаты қарсаңында өтеді.
RUS