SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандағы мектеп оқулықтарын дайындау және сараптау процесінде өзгерістер енгізілді. Бұл ҚР Жоғары аудиторлық палатасының нұсқамасы бойынша жүзеге асырылды. Жаңарту оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді (ОӘК) дайындау, сараптау және мониторингтеу процесін автоматтандыруға бағытталған.
Өткен жылдың ақпан айында орта білім беру саласына бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуына мемлекеттік аудит жүргізілді. Аудит қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігіне оқулықтар мен ОӘК-ді дайындау, сараптау, сынақтан өткізу және басып шығару қағидаларына түзетулер енгізу тапсырылды.
Жаңартылған қағидалар бірнеше маңызды өзгерісті қамтиды. Енді уәкілетті орган жекелеген баспаларға сұрау салмай тақырыптық жоспарды бекіте алады, ал тақырыптық жоспар міндетті түрде жариялануы тиіс. Авторлық ұжымға кемінде үш білікті маман қосу талабы қойылды, ал оқулықтарға сараптамалық бағалау жүргізудің нақты өлшемшарттары анықталды. Сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК сапасын мониторингтеу тәсілдері жаңартылып, олардың 5 жылдық мерзімде жаңартылуы қамтамасыз етіледі.
ҚР Оқу-ағарту министрінің 24 қарашадағы бұйрығымен бекітілген жаңа нормалар тақырыптық жоспарды қалыптастыру тәртібін, авторлық ұжым құрамына қойылатын талаптарды және сараптамалық бағалау өлшемшарттарын нақтылайды. Сонымен қатар, оқулықтар мен ОӘК сапасын бақылау рәсімдері де айқындалды.
Енді тақырыптық жоспар автоматты түрде жасалады: баспалар мен әзірлеушілер Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының www.bmso.kz интернет-ресурсы арқылы өтінім бере алады. Оқулықтар мен электрондық оқулықтарды тек тиісті оқыту курстарынан өткен ғалымдар, әдіскерлер және педагогтерден тұратын авторлық ұжым әзірлей алады.
Министрлікке мектеп кітапхана қорларын есепке алу және бақылау процестерін, сондай-ақ оқулықтар мен ОӘК-ні сараптамаға қабылдауды автоматтандыру тапсырылды. Қабылданған шаралар оқулықтар мен ілеспе материалдардың сапасын арттыруға, субъективтілік пен қателікке жол бермеуге, сондай-ақ материалдардың уақытылы жаңартылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
RUS