SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, футболдан «Ақтөбе» клубы бұрынғы «Барселона» және «Ювентус» ойыншысы Миралем Пьянич пен Еуропа чемпионы Наниді құрамына қосып, олардың кәсіби мансабын Қазақстанда жалғастыруға шақырды.
35 жастағы Миралем Пьянич «Ақтөбе» клубымен бір жылдық келісім-шартқа қол қоятын болады. Бұл трансфер Нани үшін де жаңа қадам болмақ. Екі ойыншы Қазақстан Премьер-лигасының тарихындағы ең жоғары жалақыны алатын футболшылар қатарында болады деп жоспарланып отыр.
Пьянич өз мансабында Францияның «Мец» және «Лион», Италияның «Рома» мен «Ювентус», Испанияның «Барселона», Түркияның «Бешикташ», БАӘ-нің «Шарджа», сондай-ақ Мәскеудің ЦСКА клубтарында өнер көрсеткен. 2008–2024 жылдар аралығында Босния мен Герцеговина ұлттық құрамасының сапында ойын көрсетті.
39 жастағы Нани «Манчестер Юнайтед» клубында ерекше танымал. Англия Премьер-лигасының төрт дүркін чемпионы, Англия лигасының екі дүркін кубогы мен Чемпиондар Лигасының иегері, төрт рет Англия Суперкубогы мен клубаралық әлем чемпионатының жеңімпазы атанған. Сонымен қатар, португалиялық шабуылшы «Спортинг», «Фенербахче», «Валенсия», «Лацио», «Орландо Сити», «Венеция», «Мельбурн Виктори», «Адана Демирспор» және «Эштрелу» клубтарында ойнаған.
Клуб басшылығы бұл трансферді Қазақстан футболы тарихындағы ең даңқты келісімдердің бірі деп бағалайды. Сарапшылар жаңа ойыншылардың қосылуы ел чемпионатына қызығушылықты едәуір арттыратынын айтады.
RUS