Жетісудағы өз баласын байлап ұрған әйелдің ісі: Бейнежазбаны құрбысы түсірген (ВИДЕО)
Баланы аяусыз ұрған әйел 7 жылға түрмеге тоғытылуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаркент кентінде кәмелетке толмаған балаға күш қолдану дерегі бойынша жаңа мән-жайлар белгілі болды. Оқиға Жетісу облысындағы көпқабатты үйлердің бірінде тіркелген. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Панфилов аудандық әкімдігінің мәліметінше, аталған үй бұған дейін бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға берілген. Оқиға болған сәтте баланы ұрған әйел бұл үйге қонаққа келген. Ал бейнежазбаны үй иесінің құрбысы түсірген.
Әкімдік өкілдері Нұркент кентінің Қорғас шекара маңында орналасқанын нақтылады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазба дәл осы оқиғадан кейін жарияланған.
Бұған дейін хабарланғандай, баланың анасы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал кәмелетке толмаған балалар Жаркент қаласындағы «Жанұя» отбасын қолдау орталығына орналастырылған. Қазіргі таңда олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Панфилов аудандық әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбол Ханагаттың айтуынша, бейнежазба үй иесі дүкенге кеткен сәтте түсірілген. Телефон сол үйде қалған, ал қонаққа келген құрбысы болған жағдайды видеоға жазып алған.
Әкімдіктің дерегінше, бейнежазбадағы әйел 2020 жылдан бері заңды некеде тұрады. Сондай-ақ оның психиатриялық диспансерде арнайы есепте тұрғаны анықталған.
Аталған дерек бойынша әйелге Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы – «кәмелетке толмаған немесе дәрменсіз күйдегі адамды қинау» бабы бойынша айып тағылды. Заңға сәйкес, күдіктіге 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сонымен қатар Панфилов аудандық әкімдігі әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралып жатқанын хабарлады.
Материал авторы