SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзенде өрт сөндіру арнайы техникасының қатысуымен болған жол-көлік апатының мән-жайы белгілі болды. Апат салдарынан 10 жастағы бала көз жұмды. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасының мәліметінше, жол апатынан кейін медициналық мекемеге барлығы 10 адам жеткізілген. Олардың екеуінің жағдайы ауыр деп бағаланған.
«10 жастағы бала жасалған операциядан кейін жағдайының аса ауыр болуына байланысты қайтыс болды», – деп хабарлады дәрігерлер.
Тағы бір зардап шегуші жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр, науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, қарқынды ем қабылдап жатыр.
Қалған зардап шеккендер профильдік бөлімшелерге орналастырылған. Төрт адам травматология және нейрохирургия бөлімдерінде ем қабылдауда, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланады. Тағы төрт адам денсаулығы жақсарғаннан кейін үйіне жіберілген.
Зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету үшін облыстық мамандар да тартылған. Кеңестер телемедицина арқылы жүргізіліп, санитарлық авиация мүмкіндіктері пайдаланылған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, өрт сөндіру көлігінің жүргізушісіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Бұл бап жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдайларды қамтиды.
RUS