SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 20 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт құбылады.
Синоптиктер тұман, қар, бұрқасын, көктайғақ, қатты жел мен аязға байланысты дауылды ескертулер жариялады.
Атырау облысында батыс және оңтүстік аудандарда тұман түсіп, жолдарда көктайғақ қалыптасады.
Маңғыстау облысының солтүстік-шығысында түнде ауа температурасы 20–22 градусқа дейін төмендеп, қатты аяз күтіледі.
Павлодар облысында қар мен бұрқасын күшейеді. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді. Павлодар қаласында да күндіз қар жауып, бұрқасын соғады.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде және күндіз қар жауып, жаяу бұрқасын мен тұман күтіледі. Петропавлда да қолайсыз ауа райы сақталады.
Қостанай облысында қар мен бұрқасын байқалады, бірқатар аудандарда тұман түседі.
Қарағанды облысында солтүстік-шығыс бөлігінде қатты аяз сақталып, түнде ауа температурасы -35…-38 градусқа дейін төмендейді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі, кей аудандарда жел күшейіп, екпіні 20 м/с-тан асады. Түнде 40 градусқа дейінгі аяз сақталады. Өскемен мен Риддерде қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты екінші деңгейлі ескерту күшінде.
Жетісу және Алматы облыстарында тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Таулы аймақтарда желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Алматы, Қонаев қалаларында да көру қашықтығы төмендейді.
Түркістан және Жамбыл облыстарының таулы аудандарында көктайғақ, жаяу бұрқасын және тұман күтіледі. Жел тау асуларында күшейеді.
Қызылорда облысында орталық және оңтүстік аудандарда тұман болады.
Астанада кей уақыттарда қар жауып, жаяу бұрқасын соғады.
RUS