282

Жәнібек Әлімханұлының допинг ісі: федерация қайта тыңдау өткізеді

Федерация істі формалды түрде қараудан бас тартты.

Жәнібек Әлімханұлының допинг ісі: федерация қайта тыңдау өткізеді
instagram.com/nurgali_zhumagazy

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг ісі бойынша шешім қабылдау процесі жалғасып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы федерация президенті Рахимжан Ерденбеков хабарлады.

Оның айтуынша, допинг сынамасының оң нәтиже көрсеткені жөніндегі ақпараттың қоғамдық кеңістікте кеңінен талқылануына байланысты федерация ресми түсіндірме беруді жөн көрген. Кәсіби бокс федерациясының тәртіптік комиссиясы істі алдын ала бағалау мақсатында алғашқы тыңдауды өткізген.

«Алғашқы кезеңде-ақ бұл істің формалды түрде қарауға келмейтіні, қосымша медициналық, сараптамалық және құқықтық талдауды талап ететіні анықталды. Осыған байланысты 23 қаңтарға қайта тыңдау тағайындалды. Мұндай тәжірибе күрделі допинг істерінде халықаралық деңгейде қолданылады», – деді Ерденбеков.

Федерация басшысы допинг сынамасының оң нәтижесі спортшының қасақана әрекетін немесе елеулі кінәсін автоматты түрде дәлелдемейтінін атап өтті. Комиссия істі халықаралық спорт құқығында мойындалған No Significant Fault or Negligence қағидаты аясында қарайды.

Ерденбеков барлық рәсімдер толық аяқталғанға дейін түпкілікті қорытынды жасалмайтынын айтты. Оның сөзінше, шешім тек нақты деректерге, әділдік пен халықаралық стандарттарға сүйене отырып қабылданады.

Айта кетейік, тыңдау АҚШ-та өтіп жатыр ма, әлде Қазақстан аумағында жеке қаралып жатыр ма — бұл мәселе нақтыланған жоқ.

Еске салсақ, 2025 жылдың желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш титул үшін өтуі тиіс жекпе-жек алдында оның допинг сынамасынан тыйым салынған мельдоний заты табылғаны хабарланған еді.

Нәтижені растау немесе жоққа шығару үшін 8 қаңтарға В сынамасын ашу және талдау рәсімі белгіленген.

Материал авторы