431

Зеленский украин халқына жаппай соққы қаупі туралы ескерту жасады

Президент тұрғындарды сақ болуға шақырды.

Зеленский украин халқына жаппай соққы қаупі туралы ескерту жасады
REUTERS/Valentyn Ogirenko

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Украина президенті Владимир Зеленский ел азаматтарына қауіп жөнінде ресми ескерту жасады. Бұл туралы ол дәстүрлі кешкі үндеуінде мәлімдеді.

Зеленскийдің айтуынша, Ресей Украина аумағына жаппай соққы жасауға дайындалып отыр және қолайлы сәтті күтуде. Осыған байланысты президент тұрғындарды әуе дабылдарына барынша мұқият болуға шақырды.

«Алдағы күндері ерекше сақтық қажет. Ресей ауқымды соққыға дайындалып, оны жүзеге асыратын уақытты күтуде. Барлық әуе дабылдарына назар аударыңыздар. Әр өңірде адамдарға жедел көмек көрсетуге толық дайындық болуы тиіс», – деді мемлекет басшысы.

БАҚ дерегінше, мұндай ақпаратты мониторингтік арналар да жариялап жатыр. Сонымен қатар Днепропетровск облыстық кеңесінің төрағасы Николай Лукашук та жақын күндері жаппай соққы қаупі бар екенін ескертіп, тұрғындарға барлық құрылғыларды қуаттауды және ауыз су қорын әзірлеуді ұсынды.

Ресей тарапы бұл мәлімдемелерге қатысты ресми пікір білдірген жоқ.

Еске салсақ, 8 қаңтарда Ресей Днепропетровск, Львов және Запорожье облыстарына, сондай-ақ Киевке соққы жасаған. БАҚ шабуыл кезінде «Орешник» жүйесі қолданылғанын жазған, кейін бұл ақпаратты Ресей Қорғаныс министрлігі растады. Осы шабуылдардан кейін Украина Сыртқы істер министрлігі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын шақырғанын хабарлаған.

Бұған қоса, Владимир Зеленский ресейлік соққылардың ауыр салдарына байланысты елдің энергетика саласында төтенше жағдай режимін енгізу мүмкін екенін де мәлімдеген еді.

Материал авторы