SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлытау облысының Сәтпаев қаласында балабақшадан өз бетімен шығып кеткен төрт жастағы екі қыз бала көшеде адасып қалған. Балаларды кездейсоқ өтіп бара жатқан тұрғындар байқап, туыстарына тапсырған. Ал балабақша қызметкерлері уақытша жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы «31 арна» жеткізді.
Телеарна таратқан мәліметке сәйкес, балабақшадағы бейнебақылау камераларынан екі баланың күндізгі ұйқыдан оянып, сырт киімдерін киіп, еш кедергісіз мекеме аумағынан шығып кеткені анық көрінеді. Сол сәтте дәлізбен балабақшаның есепшісі өтіп бара жатқанымен, балаларды тоқтатуға немесе топқа қайтаруға әрекет жасамаған.
Төрт жастағы балалар шамамен жарты сағат бойы қараусыз көшеде жүрген. Тоңып, жылап тұрған қыздарды өтіп бара жатқан адамдар байқап, жақындарына жеткізген.
Оқиғадан кейін ата-аналар балаларға жауапты тәрбиешіні қызметтен босатуды талап етті. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі ұйым ішінде қызметтік тексеріс жүргізіліп, арнайы комиссия құрылған.
Тексеру аяқталғанға дейін балабақша басшылығы, тәрбиешілер мен тәрбиеші көмекшілері уақытша жұмыстан шеттетілді.
Сәтбаев қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлбану Хасенованың айтуынша, жағдай бақылауда.
«Тәрбиеленушілердің қауіпсіздігі, өмірі мен денсаулығы біз үшін сөзсіз басымдық болып табылады. Қазір тиісті шаралар қабылданып жатыр, мұндай жағдайдың қайта орын алмауы үшін жұмыс жүргізіледі. Ата-аналардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және балаларға көмектескен бейжай қарамаған азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді ол.
RUS