Шымкенттегі Нұрай өліміне қатысты Тоқаев Бас прокуратураға тапсырма берді
Президент 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімі елді дүрліктіргенін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласында Нұрай Серікбай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Бұл туралы Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш келіп түсті. Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры оның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл мәлімдеме құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыру және мұндай оқиғаларды болдырмау мақсатында жасалған.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қазақстандағы қалыңдық ұрлау жағдайларын сынға алды.
«Қалыңдық ұрлау – бұл адам ұрлау. Бұл – халқымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Мұндай қатыгездікке ешқандай жағдайда жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын қоғамдық сана өсіп, азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді», – деді Президент.
Сондай-ақ Тоқаев заңнамалық өзгерістердің осы талаптарға сай болуын атап өтті:
«Заң мен тәртіп баршаға ортақ, еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын мүлтіксіз сақтауға міндетті».
Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы төрағалық ететін Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтіп жатыр.
Материал авторы