SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V Ұлттық құрылтайда жүк тасымалдайтын мемлекеттік әуе компаниясын құру тапсырмасы дұрыс орындалмағанын атап өтті. Президенттің пікірінше, Үкіметтің әрекетсіздігі еліміздің авиациядағы әлеуетін төмендетіп отыр.
«Жаһандық логистика картасында лайықты орын алу үшін нақты стратегия мен жүйелі ұмтылыс қажет. Үкіметке авиация, соның ішінде жүк авиациясында нақты нәтижелерге қол жеткізу міндеті қойылған. Бірақ қазіргі уақытта еліміз әуедегі жүк тасымалы бойынша еуразиялық орталыққа айнала алған жоқ. Бұл – кешірілмейтін кемшілік, қарапайым тілмен айтқанда, абсурд», – деді Президент.
Тоқаев Үкіметтің соңғы шешімдерін де сынап, мемлекеттік әуе компаниясын құру міндетінің дұрыс емес жолмен «Қазақстан темір жолы» компаниясына жүктелгенін атап өтті. Президент тапсырманы орындау мүмкін болмаса, оны жеке құрылымдарға беру қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, авиациялық отынның қымбаттығы басты кедергі екенін ескертті.
«Шикі мұнай өндіретін ел ретінде біз авиакеросин бағасы бойынша мұнай өндірмейтін мемлекеттермен бәсекеге түсе алмаймыз. Бұл абсурд емес пе?» – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жүйелі әрекет пен нақты стратегиясыз авиациядағы мақсаттарға жету мүмкін еместігін қатаң жеткізді.
RUS