Хромтаудағы жарылыстан өртенген ғимарат құлады (ВИДЕО)
Жарылыс салдарынан бес адам күйік алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Хромтау қаласының орталығында бір қабатты фастфуд кафесінде газ жарылысы болып, бес адам зардап шекті. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен дәрігерлер барлық зардап шеккендерді ауруханаға жеткізді, олардың бірі реанимацияда жатыр.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода жарылыс кезінде ғимараттың шатырын көтеріп, жалынға оранғанын көруге болады. Жарылыс 12 литрлік газ баллонынан шыққан. Зардап шеккендер – кафенің қызметкерлері: бір әйел және төрт ер адам.
Ғимарат жеке тұрғызылған, бір қабатты, шатыр металдан, қабырғалары газоблоктан жасалған, жалпы ауданы – 80 шаршы метр. Жарылыстан ғимарат толық құлаған. Кафеде сол сәтте қонақтар болмаған, ал бес қызметкер өртенген ғимараттан өздері шыға алды.
Актөбе облыстық ТЖД мәліметінше, ғимарат газбен жылытылады, онда қазан орнатылған. Газ баллоны не үшін қолданылғаны анықталуда. Жарылыс салдарынан өрт шықты да, ғимарат құлады. Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады (ҚР ҚК 292-бап, 1-бөлік – өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу). Кафе аз қауіпті нысанға жатқызылғандықтан, бұрын тексерілмеген.
Жарылыстың себебі ретінде баллонның ақауы немесе суықтан кейінгі зақымдануы ықтимал. Газ суықта қысылып, жылыта салғанда кеңейіп, герметизация бұзылуы мүмкін. Оқиғаны экспертиза анықтайды, ТЖД зертханасы орынға шықты.
Хромтау аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов зардап шеккендердің жағдайын баяндады:
«Бізге әртүрлі күйік алған бес адам жеткізілді. Төртеуі травматология бөлімінде ем қабылдауда, біреуінің денесінің 20%-ы күйгендіктен реанимацияға жатқызылды. Оқиға болған соң, Ақтөбеден санитарлық авиациямен дәрігер келіп, кеңес берді. Барлық пациенттер қажетті ем қабылдауда», – деді Жаржанов.
Материал авторы