Жәнібек Әлімханұлының екінші сынамасынан да допинг табылды
Спортшы тағы да допингпен ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты дауы ушыға түсті. Спортшы тапсырған «В» сынамасынан да тыйым салынған зат анықталды.
Бұл туралы Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келген, онда екінші сынаманың да оң нәтиже көрсеткені нақты жазылған.
Бұған дейін федерация басшысы Әлімханұлының ісі қайта қаралатынын хабарлаған еді. Алайда «В» сынамасының қорытындысы күмәнді сейілтпей, керісінше, жағдайды күрделендіріп отыр.
Рахымжан Ерденбековтің сөзінше, қазір бұл істі Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы қарайды. Себебі Жәнібек федерация лицензиясымен жұдырықтасып жүр, ал оның қатысуымен өткен соңғы жекпе-жек Астанада, федерацияның санкциясымен ұйымдастырылған.
«Ендігі негізгі сұрақ – спортшы тыйым салынған затты әдейі қабылдады ма, әлде ол ағзаға басқа жолмен түсті ме. Қазір дәл осы мәселе жан-жақты зерделеніп жатыр», – деді федерация президенті.
Допинг дауына байланысты қабылданатын шешім Жәнібек Әлімханұлының спорттық мансабына тікелей әсер етуі мүмкін.
Материал авторы