618

Жангелдин ауылындағы жұмбақ іс: Полиция тәулік бойы жұмыс істеп жатыр

Атырауда жоғалған отбасының ісі бойынша тергеу жаңа деректерді тексеріп жатыр.

Жангелдин ауылындағы жұмбақ іс: Полиция тәулік бойы жұмыс істеп жатыр
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің хабар-ошарсыз кетуіне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Іс 2025 жылғы 25 желтоқсанда тіркелген.

Облыстың бас полицейі, полиция генерал-майоры Онал Бекиев жедел кеңес өткізіп, тергеудің барысын және алдағы қадамдарды талқылады. Кеңесте жедел-іздестіру шараларының нәтижелері тыңдалып, іздеу жұмыстарын одан әрі жүргізудің негізгі бағыттары айқындалды. Ерекше назар жедел топтар арасындағы ведомствоаралық және ішкі үйлесімге, күш пен құралдарды тиімді пайдалануға аударылды.

Полиция департаментінің мәліметінше, ведомство басшысы істі заң талаптарына қатаң сай, жан-жақты әрі объективті тергеуді тапсырған. Әрбір жедел ақпаратты уақтылы әрі мұқият тексеру міндеті қойылған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс Атырау облыстық полиция департаментінің ерекше бақылауында. Жедел-іздестіру және тергеу амалдары тәулік бойы жалғасып жатыр.

Еске салайық, бір айдан астам уақыт бұрын өңірдің төрт тұрғыны хабарсыз кеткен. 25 желтоқсанда Атырау қаласының тұрғыны полицияға жүгініп, ағасы отбасымен ұзақ уақыт байланысқа шықпай отырғанын хабарлаған. Жоғалғандар — Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылының тұрғындары. Олар қараша айында үйінен белгісіз бағытқа шығып кеткен күйі қайтып оралмаған.

Із-түзсіз кеткендердің қатарында ерлі-зайыптылар мен олардың 33 және 35 жастағы екі ересек баласы бар. Тергеу деректеріне сәйкес, олардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет қосылып-өшіп отырған, соңғы рет Шымкент қаласында тіркелген.

Сонымен қатар марқұмдардың қызы мен оның жұбайының қайда екені белгісіз. Ерлі-зайыпты бес баласын әжесіне қалдырып кеткен. Күйеу бала — Сұлтан Сәрсемалиев туралы іздеу дерегі Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу порталында жарияланған. Іздеу ісі 2026 жылғы 8 қаңтарда тіркелген.

Марқұмдардың туыстары олардың қаза тапқанынан кейін де дауыстық хабарламалар келгенін айтқан. Жақындарының сөзінше, аудиолар келіннің телефонынан жіберілген, алайда ол кезде әйелдің тірі болмағаны болжануда. Тергеу нұсқасына сәйкес, белгісіз біреулер бұрын жазылған дауыстық хабарламаларды кейіннен жолдаған болуы мүмкін.

Материал авторы