Тоқаев Трамптың шақыруымен Давосқа барады
Қазақстан Бейбітшілік кеңесінің негізін қалаушылар қатарында болмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың шақыруымен Давос қаласына жұмыс сапарымен барады. Сапардың мақсаты — Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қою рәсіміне қатысу.
Бұл бастамаға қатысты ресми шақыру Қазақстан Президентіне 19 қаңтарда жолданған. Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған кеңеске шақырту алған әлемдік көшбасшылардың алғашқы легінде болды. Сонымен қатар Қазақстан жаңа халықаралық құрылымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі ретінде қарастырылып отыр.
Мемлекет басшысы АҚШ Президентіне жолдаған жауап хатында шақыру үшін алғыс білдіріп, Бейбітшілік кеңесінің мүшесі болуға келісімін растаған. Қазақстан бұл алаң арқылы Таяу Шығыстағы тұрақты бейбітшілікке қол жеткізуге, мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылықты қолдауға үлес қосуды көздейді.
Бейбітшілік кеңесін құру бастамасын Дональд Трамп өткен жылдың желтоқсан айында жариялаған. Кеңестің құрамына әлемдегі ең ықпалды мемлекеттердің басшылары кіреді деп жоспарланған. Ал басқарушы комитет құрамында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф, президенттің күйеу баласы Джаред Кушнер және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр болуы мүмкін екені айтылды.
Осы бастама аясында шақырту Ресей Президенті Владимир Путинге де жолданған. Алайда Кремль әзірге нақты жауап бермеген. РФ Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, ресейлік тарап америкалықтардан қосымша мәлімет күтуде.
«Біз бұл бастаманың барлық егжей-тегжейін әлі білмейміз. Ол тек Газа мәселесіне қатысты ма, әлде кеңірек геосаяси контексті қамти ма — бұл сұрақтар ашық күйінде қалып отыр», — деді Песков баспасөз мәслихатында.
Материал авторы