Жеке мектептер мен емханаларға қаржыландыру жүйесі өзгертіледі
Жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізіледі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Үкімет отырысында білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы жеке ұйымдарға қаржыландыру механизмдерін қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бұл шаралар Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың V отырысында берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Балаева атап өткендей, пилоттық режимде жеке мектептерді цифрлық есепке алу, негізгі процестерді автоматтандыру және бюджет жүйесімен синхрондау енгізілген. Нәтижесінде 785 жекеменшік мектеп толық цифрланды.
«Бюджет қаражатын тиімді пайдалану үшін жаңа жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге мораторий енгізіледі. Қаржыландыру енді тек өңірдің нақты қажеттілігі бар мектептерге ғана бағытталады. Мемлекеттік мектептің жоқтығы, үш ауысымды оқытуды жою және апатты мектептердің орнына жаңа нысандар салу басты басымдық болады», — деді Балаева.
Сонымен бірге, мемлекеттік тапсырыссыз инвестициялық шығындарды өтеу механизмі сақталады. Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, лицензиядан кейінгі бақылауды күшейтеді. Бұл білім сапасын, педагог кадрлар мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Денсаулық сақтау саласында қаржыландыру халық саны, демографиялық және көші-қон деректеріне сүйене отырып, сенімді мемлекеттік және жеке емханаларға бағытталады. Біріктірілген цифрлық бақылау арқылы қосарланған төлем мен жалған есептерге жол берілмейді, ал пациенттермен кері байланыс мобильді қосымша арқылы жүргізіледі.
Қаржыландыру жүйесін әділ, ашық әрі тиімді ету, сондай-ақ халыққа сапалы қызмет көрсету үшін лицензиялау талаптары күшейтілмек. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Қаржы министрлігіне беріліп, заңдылық пен тәртіпке сәйкес тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Материал авторы