SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы жалғасып жатыр. Спортшының менеджері жағдайға байланысты ресми пікір білдірді.
Команда өкілінің айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы ешқашан тыйым салынған препараттарды қолданбаған және тексеру жүргізіп жатқан барлық құрылыммен толық ынтымақтастыққа дайын.
«Жәнібек ақ. Ол тыйым салынған ешқандай зат қабылдаған жоқ. Қазір бұл іспен мамандар айналысып жатыр: промоутер, менеджерлер, заңгерлер жұмыс істеуде. Біз үшін ең бастысы — шеттетілу мерзімін барынша қысқарту. Қазір күту ғана қалды. Уайымдағанмен мәселе шешілмейді. Бұдан да өтеміз», — деді менеджер.
Ол сондай-ақ В сынамасынан да дәл сол зат анықталғанын растады. Бұл команданы алаңдатқанымен, күтпеген жағдай болмағанын атап өтті.
Қазіргі таңда мамандар тыйым салынған заттың спортшы ағзасына қалай түсуі мүмкін екенін анықтап жатыр. Әлімханұлының командасы боксшы бұл препаратты әдейі қабылдамағанын тағы да қайталады.
Бұған дейін Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков те Жәнібек Әлімханұлының допинг-сынасына қатысты пікір білдірген.
Еске салайық, оң допинг-тест салдарынан Жәнібек Әлімханұлының 7 желтоқсанда АҚШ-та өтуі тиіс Эрисланди Лараға қарсы үш чемпиондық белбеу үшін біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды. VADA тексерісі барысында боксшыдан тыйым салынған препаратқа қатысты қолайсыз аналитикалық нәтиже анықталған.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Әлімханұлының командасы толық түсіндірме дайындап, істің барлық рәсім бойынша қаралуын талап етпек. Мақсат — спортшының кінәсіз екенін дәлелдеу немесе заттың ағзаға түсу жолын анықтау.
IBF жаңартылған рейтингінде Жәнібек Әлімханұлының мәртебесі өзгермеген — ол әлі де чемпион ретінде тіркеліп тұр. Алда В сынамасының ресми ашылуы күтіледі.
АҚШ-тағы спорт қауымдастығы бұл дауды жіті бақылап отыр. The Ring журналы қазақстандық боксшыны өз рейтингінен уақытша алып тастағанын хабарлады.
Әлем чемпионы WBO және IBF белбеулерінен айырылуы мүмкін деген болжам айтылғанымен, ҚР спорт министрі түпкілікті шешім шығаруға әлі ерте екенін мәлімдеді. Қазір іс бойынша тәртіптік тыңдаудың күні белгіленген.
RUS