365

Депутат зорлықшылардың жазасын 15 жылға дейін күшейтуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов заңдағы олқылықты сынға алды.

Депутат зорлықшылардың жазасын 15 жылға дейін күшейтуді ұсынды
@mazhilis_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Қазақстанда зорлау қылмысы үшін көзделген жаза жеткіліксіз екенін айтып, оны түбегейлі қатаңдату қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол журналистердің сұрағына жауап беру кезінде айтты.

Депутаттың сөзінше, қолданыстағы Қылмыстық кодексте зорлау үшін белгіленген жаза адам ұрлау сияқты қылмыстармен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл.

«Қыз алып қашқаны үшін біз жазаны небәрі 10 жылға дейін күшейттік, ал зорлау үшін 3 жылдан 8 жылға дейін ғана. Бұл – үлкен олқылық. Бұл қалай болғаны? Осылайша кейбіреулерді қылмысты басқа баппен «жасыруға» итермелеп отырған жоқпыз ба: «қалыңдық ұрлаған жоқпын, зорладым» деп айтуы мүмкін», – деді Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, бұл мәселені парламент деңгейінде қайта қарау қажет. Депутат зорлау қылмысын «аса ауыр қылмыстар» санатына енгізіп, жаза мерзімін 15 жылға дейін ұзартуды ұсынды.

«Мен бұл бастаманы әріптестеріме ұсынамын және өзім заңнамалық түзету енгізуге дайынмын. Қоғам бұл ұсынысты қолдайтынына сенімдімін», – деді ол Мәжіліс кулуарында.

Материал авторы