Трамп Гренландия бойынша келісім жасалғанын мәлімдеді
АҚШ президенті баж салығынан бас тартты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияға қатысты дау бойынша рамалық келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Осыған байланысты ол өз жоспарына қарсы шыққан елдерге қатысты жоғары кедендік баж салығын енгізу шешімін тоқтатты.
Трамптың айтуынша, келісім НАТО-ның бас хатшысы Марк Рюттемен Давоста өткен «өте нәтижелі кездесудің» қорытындысы ретінде жасалған. Бұл туралы ол 21 қаңтарда Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады.
«Егер бұл шешім толық іске асса, ол АҚШ үшін де, НАТО-ға мүше барлық елдер үшін де үлкен артықшылық болады. Осыған байланысты 1 ақпанда күшіне енуі тиіс тарифтерді енгізбеймін», – деп жазды Ақ үй басшысы.
Кейінірек Трамп журналистерге бұл келісімді «уақытпен шектелмеген, мерзімсіз, ең ұзақ мәміле» деп сипаттады.
Баж салығы уақытша күн тәртібінен алынды
Бұған дейін Трамп 1 ақпаннан бастап Дания, Норвегия, Швеция, Франция, Германия, Ұлыбритания, Нидерланд және Финляндиядан АҚШ-қа жеткізілетін барлық тауарға 10 пайыздық баж салығын енгізетінін, ал 1 маусымнан бастап оны 25 пайызға дейін арттыратынын мәлімдеген еді. Бұл шаралар Гренландия бойынша келісімге қол жеткізілгенге дейін күшінде болуы тиіс болатын.
Сонымен қатар Трамп Гренландия төңірегіндегі жағдай аясында АҚШ-тың «Алтын күмбез» атты әуе қорғанысы жүйесіне қатысты қосымша талқылаулар жүріп жатқанын да айтты.
НАТО бас хатшысы келісімді растады
Марк Рютте де сол күні Трамптың мәлімдемесін растады. Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум аясында ARD телеарнасының сұрағына жауап берген ол:
«Трамптың хабарламасы толықтай шындыққа сәйкес келеді», – деді. Алайда келісімнің егжей-тегжейін ашпады.
Рюттенің баспасөз хатшысының айтуынша, келіссөздер Арктика аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл үдеріске АҚШ, Канада, Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия және Исландия қатысады. Негізгі мақсат – Ресей мен Қытайдың аймақта экономикалық немесе әскери тұрғыда орнығып алуына жол бермеу.
Германия сақтыққа шақырды
Германияның қаржы министрі Ларс Клингбайль Трамптың баж салығынан бас тартуына байланысты асығыс оптимизмге берілмеуге үндеді. Оның айтуынша, диалогтың өзі оң қадам болғанымен, нақты қорытынды жасауға әлі ерте.
АҚШ-тың Гренландияға таласы
Дональд Трамп бұған дейін Гренландияның «бір жолмен болмаса, басқа жолмен» АҚШ бақылауына өтуі тиіс екенін бірнеше рет айтқан. Ол аралды Арктикадағы қауіпсіздік пен АҚШ-тың ұлттық мүддесі тұрғысынан стратегиялық маңызы бар аймақ ретінде қарастырады.
Трамп Ресей мен Қытайдың Арктикадағы әскери белсенділігін алға тартса, еуропалық саясаткерлер Гренландияның НАТО-ның ұжымдық қорғаныс тетіктерімен қорғалғанын еске салады. Сонымен қатар АҚШ-тың аралдағы әскери қатысуы 1951 жылғы келісіммен бекітілген.
Алғашында Трамп аралды сатып алу немесе тіпті әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Алайда 21 қаңтарда Давоста сөйлеген сөзінде күш қолданбайтынын айтты. Дания билігі болса, Гренландияны сату жөнінде АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.
Материал авторы