SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерінен қазақ тілін оқытуға арналған компьютерлік ойынға не себепті 500 мың доллардан астам қаражат жұмсалғаны сұралды.
Журналистердің айтуынша, Steppe Rider ойыны білім беру жобасы ретінде таныстырылғанымен, шын мәнінде қарапайым «раннер» жанрына жатады. Осы сынға Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жауап берді.
Оның айтуынша, Steppe Rider — тіл саясатын дамыту тұжырымдамасы аясында жасалған алғашқы отандық оқыту ойыны.
«Иә, біз Steppe Rider компьютерлік ойынын әзірледік. Бұл — қазақ тілін А1 және А2 деңгейлерінде үйретуге арналған білім беру жобасы. Қазір сұрақтардың туындауы заңды», — деді комитет төрағасы.
Министрлік уәжі: үш платформа, халықаралық жоба
Ербол Тілешовтың сөзінше, мұндай форматтағы ойындардың нарықтағы құны бір платформа үшін 100 мыңнан 300 мың долларға дейін жетеді. Ал Steppe Rider бір емес, үш платформаға бейімделіп жасалған.
«Бұл — халықаралық тәжірибеде кең таралған формат. Қазақ тілін ойын арқылы үйренуге мүмкіндік береді. 2026 жылы жоба жаңартылады. Қазірдің өзінде пікірлердің басым бөлігі оң», — деді ол.
Мақсат — қазақ тілінің беделін арттыру
Комитет төрағасы ойынның басты мақсаты — қазақ тілін әлемдік деңгейде насихаттау екенін атап өтті. Оның айтуынша, Steppe Rider халықаралық аудиторияға бағытталған әрі тілдің беделін арттыру құралы ретінде қарастырылған.
Осылайша министрлік өкілдері ойынға бөлінген қаржыны жобаның ауқымы мен мақсатымен негіздеп отыр. Алайда қоғамда бұл шығынның тиімділігіне қатысты сұрақтар әлі де сейілген жоқ.
RUS