556

Янаны өлтірді деген айыппен өмір бойына қамалған қылмыскерлер апелляция берді

Өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар сот шешімін даулап жатыр.

Янаны өлтірді деген айыппен өмір бойына қамалған қылмыскерлер апелляция берді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Қатимов сот үкіміне апелляциялық шағым берді.

Жәбірленуші тарап өкілдерінің мәліметінше, апелляциялық өтініштер 2026 жылғы 21 қаңтарда тіркелген. Қазіргі уақытта олар адвокаттар тарапынан зерделеніп жатыр. Алдағы кезеңде іс апелляциялық сот сатысында қайта қаралады.

Егер үкім заңды күшіне енсе, сотталғандар ерекше режимдегі №39 мекемеге — «Қара бүркіт» колониясына этаппен жеткізіледі.

Қорғау уәжі: «қоғамдық қысым болған»

Апелляциялық шағымдардың бірінде Ризуан Хайржанов сот процесі барысында «қатты қоғамдық қысым» болғанын алға тартқан. Сондай-ақ ол іс материалдарының сыртқа тарауы мүмкін екенін меңзеген.

Алайда жәбірленуші тарап өкілдері бұл уәжді жоққа шығарып, соттың ашық режимде, қолданыстағы заң талаптарына толық сай өткенін мәлімдеді.

Үкімнің түпкілікті тағдыры апелляциялық сот шешімінен кейін белгілі болады.

Резонанс тудырған қылмыс

Аталған қылмыс 2024 жылдың қазан айында Атырауда жасалған. Тергеу деректеріне сәйкес, екі ер адам Яна Легкодимованы өлтіріп, оның денесі мен ұялы телефонын өзенге тастаған.

Сегіз ай өткен соң, 2025 жылғы 20 маусымда Жайық өзенінің жағасынан адам сүйектері табылды. Сараптама олардың Яна Легкодимоваға тиесілі екенін растады. Қыздың анасы оны Батыс Қазақстан облысында жерледі.

Сот екі айыпталушыны да өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Материал авторы