SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды қаласында жедел тамақтану орны орналасқан дүңгіршекте газ баллоны жарылып, соның салдарынан өрт шықты. Төтенше жағдай Ермеков көшесінде болған.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жарылыс кафе ішіндегі газ баллонынан шыққан. Өрт салдарынан дүңгіршектің ішкі және сыртқы қаптамасы, сондай-ақ жиһаздары отқа оранды. Жалпы өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ғимарат ішінен көлемі 27 литр болатын тағы екі газ баллонын алып шықты. Бұл оттың одан әрі өршуінің алдын алуға мүмкіндік берген.
Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, төрт адам әртүрлі дәрежедегі күйік жарақаттарымен ауруханаға жеткізілген.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, өрт өте күшті болған. Жақын маңда тұрған автокөлік те отқа орану қаупінде қалған.
«Жолдан өтіп бара жатып көрдік. Өрт қатты лапылдап жатты. Күйіп жатқан дүңгіршектің жанында көлік тұрған. Жолдасым трос шығарып, басқа ер адамдармен бірге көлікті шетке сүйреп әкетті. Әйтпесе ол да өртеніп кетуі мүмкін еді. Менің байқауымша, кемінде үш жігіт қатты зардап шекті», — дейді куәгер.
Қазіргі уақытта өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
RUS