725

Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья қызметінен қуылды

Судья Әсел Досаева қызметінен босатылды.

Астанада мас күйінде көлік жүргізген судья қызметінен қуылды

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваны мас күйінде көлік басқарғаны үшін судьялық қызметінен босату туралы шешім қабылдады.

Ресми мәліметке сәйкес, Сот жюриі барлығы 10 судьяға қатысты 11 тәртіптік істі қараған.

«Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің 2026 жылғы 22 қаңтардағы шешімімен Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Ә.К.Досаева судьялық этика нормаларын бұзғаны үшін судьялық қызметінен босату түріндегі тәртіптік жазаға тартылды», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Еске салайық, қараша айының басында Астанада түнгі рейд кезінде полиция мас күйінде көлік басқарған азаматты тоқтатқан. Кейін оның Астана қалалық азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы екені анықталып, аталған дерек бойынша тергеу басталған.

Сол уақытта қалалық соттың баспасөз қызметі судьялардың ерекше құқықтық мәртебесіне қарамастан, заң бұзушылыққа жол берген әрекеттері жауапсыз қалмайтынын мәлімдеген болатын.

Ал 12 қарашада Бас прокуратура судья Әсел Досаеваны мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс енгізген.

Материал авторы