SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында әкесін жүйелі түрде ұрып-соққаны үшін бес жылға сотталған ер адамға қатысты үкім күшейтілуі мүмкін. Прокуратура Жетісай аудандық сотының шешімімен келіспей, апелляциялық тәртіпте наразылық енгізді.
Бұл туралы Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады. Қадағалау органы жаза тым жеңіл тағайындалды деп есептеп, соттан үкімді қатаңдатуды сұрап отыр. Апелляциялық өтініш заңда белгіленген мерзімде қаралады.
16 қаңтарда Жетісай аудандық соты Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылының 41 жастағы тұрғыны Алмас Садақбаевты бес жылға бас бостандығынан айырған. Сот оны «азаптау» және «денсаулыққа орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды. Айыпталушы сотта өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірген.
Аталған іс қоғамда кең резонанс тудырған. 2025 жылдың қыркүйек айының басында әлеуметтік желілерде ер адамның қарт әкесін ұрып жатқан сәті түсірілген бейнежазба тарады. Кейін белгілі болғандай, оқиға 2024 жылдың тамызында Қоссейіт ауылында болған. Бейнежазба зейнеткердің қаза болуынан кейін жарияланып, жұртшылықтың ашу-ызасын туғызды.
Түркістан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қарт адамның өлімінен кейін ұлына қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі — «жәбірленушінің өліміне әкеп соққан қасақана ауыр зиян келтіру» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның денесіне эксгумация жасалып, сот-медициналық сараптама жүргізілген. Сараптама зорлық белгілерін растаған. Алмас Садақбаев кінәсін толық мойындап, ағаларымен бірге қоғамнан кешірім сұраған.
Сонымен қатар оның жұбайына қатысты да жеке тергеу басталған. Әйелге Қылмыстық кодекстің 109-1-бабының 2-бөлігінің 3-тармағы — «дәрменсіз немесе айыпталушыға тәуелді күйдегі адамды ұрып-соғу» бойынша айып тағылған.
RUS