SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 26 қаңтарда Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа райы күрт нашарлайды. «Қазгидромет» деректеріне сәйкес, елдің батысы, солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде қар жауып, жаяу бұрқасын, тұман және көктайғақ болады. Кей өңірлерде жел күшейеді.
Алматы облысында Іле өзеніндегі сең кептелісіне байланысты су деңгейі қауіпті межеге жақындап отыр. Жиделі тармағындағы гидробекетте су деңгейі 275 см-ге жеткен, бұл қауіпті деңгейден небәрі 2 см төмен. Су одан әрі көтерілуі мүмкін.
Маңғыстау облысында көктайғақ пен тұман күтіледі. Ақтауда жолдар тайғақ болады.
Ұлытау облысында түнде және күндіз қар мен жаяу бұрқасын болжануда, тұман түседі.
Ақтөбе, Ақмола, Атырау облыстарында қар жауып, бұрқасын болады.
Жамбыл, Түркістан облыстарында таулы аудандарда көктайғақ, тұман және қатты жел күтіледі.
Қызылорда облысында тұман мен көктайғақ болады.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қар, бұрқасын, желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Жетісу облысында қар, тұман, көктайғақ және жел күшейеді.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстарында қар мен тұман болжанады, кей жерлерде бұрқасын соғады.
Мамандар жолға шыққанда абай болуға, ауа райы күрт нашарлаған жағдайда алыс сапардан бас тартуға кеңес береді.
RUS