332

Си Цзиньпин Қытай әскерін өзі басқаратын болды

Антикоррупциялық тергеулерден кейін әскери элита қызметтен шеттетілді.

Си Цзиньпин Қытай әскерін өзі басқаратын болды
Johannes Eisele/AFP/Getty

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайда жүргізілген ауқымды әскери тазалау нәтижесінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин елдің қарулы күштерін тікелей басқаруды өз қолына алды.

Жоғары лауазымды әскери шенеуніктерге қатысты бірқатар антикоррупциялық тергеулерден кейін Орталық әскери кеңестің (ОӘК) құрамы тарихи минимумға дейін қысқарды. 2022 жылы тағайындалған алты әскери қолбасшының барлығы қызметінен босатылған.

Қазіргі таңда кеңес құрамында бар-жоғы екі адам ғана қалған. Соның бірі – Си Цзиньпиннің өзі. Ол Қытай Халық-азаттық армиясына толық бақылау орнатты. Екінші мүше – антикоррупциялық комитетті басқаратын Чжан Шэнминь, ол өткен жылдың қазан айында ОӘК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған.

Бұған дейін Қытай Қорғаныс министрлігі ОӘК төрағасының орынбасары Чжан Юсяға және Біріккен штаб бастығы Лю Чжэньлиге қатысты тергеу басталғанын мәлімдеген. Оларға «тәртіп пен заңды өрескел бұзды» деген айып тағылып отыр.

Айта кетейік, билікке келген сәттен бастап Си Цзиньпин Қытайдың қорғаныс бюджетін екі есеге арттырды. Оның стратегиялық мақсаты – 2049 жылға қарай Пекинді әлемдік деңгейдегі әскери державаға айналдыру.

Материал авторы