357

Сәпиев жанжалынан кейін спорт басқармасында тексеріс басталды

Басқармада тергеу мен аудит қатар жүрмек.

Сәпиев жанжалынан кейін спорт басқармасында тексеріс басталды
instagram.com/serik_sapiyev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысының спорт басқармасында Серік Сәпиев пен оның орынбасары арасындағы жанжалға байланысты кешенді тексеріс тағайындалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Әкімдік мәліметінше, жағдайды жан-жақты әрі объективті қарау үшін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тексеріс жүргізеді, сондай-ақ басқарма қызметіне кешенді аудит жасалады.

Бұған дейін Қарағандыда дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев пен оның орынбасары Дәурен Есімханов арасында төбелес болғаны туралы ақпарат тараған. Интернетте жанжал көрінісі түсірілген видео жарияланған.

Полицияға 42 жастағы Қарағанды тұрғыны (Серік Сәпиев) соққы фактісі бойынша арызданған. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары 21 қаңтарда қаланың спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында қақтығыс болғанын растады және оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.

Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы, ал оның орынбасары Дәурен Есімханов – самбодан Азия және әлем чемпионы. Белгілі болғандай, Есімхановпен 2025 жылдың жазында этика нормаларын сақтау мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Әкімдік мәліметінше, жанжалдан кейін басқарма штаттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Тергеу аяқталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Сонымен қатар Азия дзюдо одағы президентінің кеңесшісі, Астана дзюдо федерациясының президенті Айдар Махметов Серік Сәпиевпен сөйлескенін айтып, физикалық қақтығыс туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Материал авторы