Айналадағы елдерде адам қалмай, жері босап-ақ қалғалы тұр
Ресейдегі және Қытайдағы туу көрсеткіші рекордтық, тарихи төменгі деңгейге дейін құлдырады.
Қытай қызы ана рөліне қызықпайды
2025 жылы ҚХР-да небары 7,92 млн нәресте дүние есігін ашты. 8 миллионға жуық сәби 20 миллион ғана қазақстандық үшін ауқымды көрінуі мүмкін, ал, шың елі үшін бұл – дабыл қағатын жағдай. Өйткені ресми мәлімет бойынша әр 1 мың адамға шаққандағы 5,63 бөбектен келетін туу көрсеткіші — қазіргі Қытай халық республикасының негізі қаланған 1949 жылдан бері ешқашан тіркелмеген антирекорд!
Шығыс көрші демографиялық шыңырауға шыңғыра құлап барады. Оны Үндістан қуып жетіп, басып озды. Бұлай бара берсе, өзге елдердің шаңын қауып қалады. ҚХР халқының саны осымен төртінші жыл қатарынан селдіреген. «4» саны Қытайды өлімді білдіретін көрінеді.
ҚХР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, өлген қытайлардың саны былтырғы бір жылда 11,31 миллионға жетіп, өлім-жітім көрсеткіші мың адамға 8,04 адамды құрады. Өлім-жітім көрсеткіші бала туу көрсеткішінен көп асып етті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытай халқы бірден 3,39 миллионға азайып, 1,404 миллиардқа дейін құлдырады. Бұл көрші енді «бір жарым миллиард халықпыз!» деп шырқай алмайды.
Deutsche Welle хабарлауынша, сарапшылар аспан асты елі тұрғындарының алапат қарқынмен сиреуіне ықпал еткен факторларды атады, бұлар:
Қытайда тағдырын бірде бір еркекпен қоспайтын, бала тумайтын, оның орнына сын-сымбатын сақтап, сылаңдайтын, ғұмырын бизнеске немесе жұмысқа ғана арнайтын «нью-Лаубан» (女老板 nǚ lǎobǎn – леди-босс) әйелдер саны тез артып келеді.
Содан перзент сүю түгіл, некелесу де қытайлықтар үшін сирек кездесетін «салтанатқа» айналған сыңайлы.
Басшылық демографиялық сеңді қозғалтпақшы
Бейжің орталықтан ауыл-аймақты бала тууға ынталандыруға тырысып жатыр. Қытайлық телеарналар күн сайын дерлік көп балалы отбасылардың «табыс тарихын» дәріптеуге күш салады.
2015 жылы ел басшылығы «бір отбасы – бір бала» саясатын жойды. Бірақ халық ондаған жыл бойы сол қағидамен өмір сүруге үйреніп қалды. Көп бала табу – азшылық халықтардың салты деп санайтындар жетерлік.
Билік алдымен екі балаға, кейін 2021 жылы үш балаға рұқсат берді. Алайда бұл бостандық туу көрсеткішін тек қысқа уақытқа ғана «тербеп», ізінше бұрынғы таз кепешіне қайта түсірді.
2025 жылы үкімет әр балаға 3 600 юань (шамамен 440 еуро) көлемінде жөргекпұл төлеуге кірісті. Бұған қалалықтар көп қызықпайды. Өйткені Қытайдың ірілі-ұсақты қалаларында баланы күтіп-бағу бұдан көп шығынды қажет етеді.
Бұған дейін Қытай халқының күрт қысқаруы тек 1960-1961 жылдары — «үлкен секірістің» немесе Үдемелі индустрияландырудың салдарынан болған ұлы ашаршылық кезінде ғана тіркелген еді. Содан бері тек өсумен келген.
Енді ел халқының соңғы рет өсуі 2021 жылыболды, онда небары 450 мың адамға ғана өсе алған. Содан кейін ҚХР-дің құлдырау құрдымына құлағаны байқалады. Соның нәтижесінде 2023 жылы шың елінің іргесіндегі ең басты бақталасы – Үндістан «адам санынан жарыста» Қытайды тезек тергізіп қалдырды.
Кейбір сарапшылар егер туу деңгейі өте төмен күйде (шамамен 1,1 коэффициентінде) қала берсе, онда 2100 жылға қарай Қытайда 600-800 миллиондай ғана халық қалуы мүмкін деп болжайды. Онда оны Еуропалық одақ, АҚШ пен Индонезия басып озуы ықтимал.
Путиннің талабына аналардың түкіргені ме?
Дәл осы кезде Кремль қожайынының таңдапталап қойғанына қарамастан Ресейдегі туу көрсеткіші соңғы жиырма жылдағы ең төменгі нүктесіне құлады. Бұл туралы Росстатқа сілтеме жасап, «Ведомости» газеті хабарлады.
Репродуктивті жастағы бір әйелге келетін орташа бала санын көрсететін жиынтық туу коэффициенті (ЖТК) 2025 жылдың қорытындысы бойынша оныншы жыл қатарынан төмендеп отыр.
Басылым желтоқсанда бұл көрсеткіш 1,374-ке түскенін жазды (2024 жылы 1,4 болған). Бұл — 2006 жылдан бергі ең мүшкіл деңгей.
Ресейдің қазіргі тарихындағы ең «берекелі» кезең 2015 жыл болған еді (коэффициент 1,762). Содан бері ол 22%-ға кеміп, 90-жылдарда КСРО тараған кездегі құлдыраудың жолын құшу үстінде. ЕМИСС дерегінше, бала туу коэффициентінің 10 жыл бойы тоқтаусыз төмендеуі — Ресей тарихында бұрын-соңды болмаған құбылыс.
Владимир Путиннің аналарға «сегіз баладан туыңдар!» деген үндеуі, пропаганданың Ежелгі Русьтің көпбалалы болу дәстүріне оралу туралы тоқтаусыз насихаттарына қарамастан, үшінші және одан кейінгі балаларды туу коэффициенті де соғысқа дейінгі деңгейден (2021 жылғы 0,364-тен 0,362-ге) төмен түсіп кетті, деп жазды Москоу Таймс.
Көршіде статорган тек коэффициентті жариялап жүр. Ресейде нақты қанша бала туып жатқаны — құпияландырылған. 2025 жылғы күзде Росстат ай сайынғы статистиканы жариялауды доғарды. Қолда бар деректер бойынша, 2024 жылы туылғандар саны 1,222 миллионға дейін азайған — бұл 1999 жылдан бергі ең төменгі көрсеткіш. 2025 жылдың басындағы көрсеткіштер тіпті XVIII-XIX ғасырлардың тоғысындағы антирекордтарды жаңартыпты.
Путин 2030 жылға қарай туу коэффициентін 1,6-ға, 2036 жылға қарай 1,8-ге жеткізуді бұйырды. Бұл мақсаттар президент тапсырмасымен әзірленген, «отбасыға бағытталған» демографиялық стратегияның негізіне алынған.
Алайда сарапшылар экономикалық үміт пен материалдық көмектің тиімділігіне күмәнмен қарайды. ВЦИОМ-ның мәліметінше, РФ-та бүгінде әрбір бесінші отбасы (18%) балалы болуды мүлде жоспарлап отырған жоқ — бұл көрсеткіш соңғы 20 жылда 3 есе өскен!
2018 жылы Путин халықтың табиғи кемуін тоқтатуды мақсат еткен болатын. Іс жүзінде Ресей 2018-2024 жылдар аралығында өлім-жітімнің туудан басым болуы салдарынан тағы 3 миллион адамынан айырылды. 2024 жылы халықтың табиғи кемуі 20%-ға жеделдеп, күніне орта есеппен 1,63 мың адамды құрады.
Бұл нені білдіреді?
БҰҰ-ның пессимистік болжамына сәйкес, 2101 жылға қарай Ресейде 53 миллион ғана халық қалады (дәл сол кезде Қазақстан халқының саны соған жуықтап, алпауыт көршісімен теңесуі мүмкін). Базалық сценарий бойыншаРФ-та – 80 миллионға дейін болады.
Ресейлік демографтардың пайымдауынша, Ресей не мигранттарға толады, не мүлдем құрып бітеді. Халық санын қазіргі деңгейде сақтап қалу үшін елге жыл сайын миллионға жуық мигрант әкелу керек.
«Ресей халқының жартысы мигранттардан тұратын елге айналады немесе мүлдем жойылып кетеді: демографтар сондайқорқынышты болашақты болжап отыр. Көңілді қапаландыратын Ресейдегі келешек көрініс «Если быть точным» жобасының зерттеуінде айтылған. Демография институты сарапшыларының байламынша, халық санының деңгейін сақтау үшін Ресейге жыл сайын 1 миллионға дейін мигранттарды қабылдауына тура келеді. Зерттеуге сай, XXI ғасырдың соңына қарай Ресей халқы шамамен 2 еседей қысқарып, 81 миллион адамға дейін азаюы мүмкін, мигранттармен толмаса — 68 миллионға дейін кеміп кетеді», — деп жазды «Блокнот» басылымы.
Ресей халқының табиғи кему сценарийіне байланысты осындай болжамдар диапазонын А.Г.Вишневский атындағы Ұлттық зерттеу университетінің Жоғары экономика мектебінің Демография институтының сарапшылары Валерий Юмагузин мен Мария Винник ұсынды.
Сонымен қатар, депопуляцияны тежеудің басты факторы болып ары қарайда миграция қала береді: онсыз Мәскеу мен Мәскеу облысы халқының саны 2,5 есе көп азаяды, ал Петерборда екі еседен астам қысқарады.Ресей қыздары да қытайлық құрбыларынан қалысар емес.
Материал авторы