17 жыл құлдықта болған Құндыздың аяқ-қолы байлаулы фотосы тарады (ВИДЕО)
Қамқоршы Зүлфия Төленованың жауабы күмән тудырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараз қаласында 17 жыл бойы аға-жеңгесінің қолында құлдықта болған Құндыздың қол-аяғы байлаулы жатқан фотосы әлеуметтік желіде тарады. Даулы сурет журналист Руслан Өтепбайдың жеке парақшасына жолданған.
Мән-жайды анықтау үшін журналист қыздардың қазіргі заңды қамқоршысы Зүлфия Төленоваға хабарласқан. Оның айтуынша, оқиға өзі үйде жоқ кезде болған. Төленова Құндызды байлаған өзі емес екенін мәлімдеді.
Құндыз бен оның сіңлісі Назгүл қазір Таразда тұрады. Қос қыздың құлдықтан босап шығуына журналист Руслан Өтепбайдың эфирде мәселе көтеруі себеп болған. Содан бері журналист олардың жағдайын тұрақты бақылауда ұстап келеді. Қолданыстағы заңға сәйкес, қазіргі таңда қыздарға 17 баланы тәрбиелеп отырған Зүлфия Төленова қамқоршы ретінде бекітілген.
Тараған фотода Құндыздың Тараздағы үйде жерде жатқан күйі, қолы мен аяғы байлаулы екені анық көрінеді. Осыған байланысты Зүлфия Төленова журналистке берген жауабында:
«Құндыз Назгүлді ұрып қойған. Ауруы қозған болуы мүмкін. Сол сәтте байлаған ба, білмеймін. Мен де суретті алғаш рет көріп отырмын. Үйде Танялар болған», — деді.
Таняның кім екені сұралғанда, заңды қамқоршы оның да үйдегі қыздардың бірі екенін, толыққанды жауап бере алмайтынын айтты.
Зүлфия Төленова өз сөзінде бұл жағдайдан кейін шаршағанын, дүйсенбі күні тиісті органдарға арыз жазып, қыздарды мемлекет қарауына өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар Руслан Өтепбайдың Таразға келуіне қарсылық білдірген.
Ал журналист өз кезегінде желіге жариялаған видеосында қамқоршының «мен байлаған жоқпын» деген уәжіне сенбейтінін айтып, Тараз қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органдарын, сондай-ақ полиция департаментін жағдайға жедел назар аударуға шақырды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл оқиғаға дейін де Зүлфия Төленова тарапынан қыздарға қысым көрсетілуі мүмкін екенін бірнеше рет айтқан. Жаңа фотодан кейін күдік күшейе түсті.
Оқырмандар арасында:
«Психотропты дәрілер беріп, осындай күйге түсірген болуы мүмкін», «Мына жағдайдан кейін бұл үйде қалдыру қауіпті», «Қыздарды шұғыл түрде алып кету керек», - деген пікірлер жиі жазылуда.
Айта кетейік, бұған дейін Руслан Өтепбай Құндыз бен Назгүлді өз қамқорлығына алуға ниет білдірген. Алайда Зүлфия Төленова оларды тек Ілияс Сариевке ғана беретінін айтқан. Кейін бұл азамат алаяқтық дерегі бойынша 3 жыл 8 айға сотталған.
Оқиғаның барлық мән-жайы қазір тиісті органдар тарапынан тексерілуі тиіс.
Материал авторы