«Несиеге алынған»: Семейде мас тұрғын екі учаскелік полицейдің көлігін өртеп жіберді (ВИДЕО)
Қасақана өрт қойған 66 жастағы ер адам ұсталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысының орталығы Семей қаласында учаскелік полиция қызметкерлеріне тиесілі екі жеңіл көлік қасақана өртелді. Оқиға 25 қаңтар күні сағат 18:10 шамасында «Юность» шағынауданында, құрылыс колледжінің маңындағы тұрақта болған.
Куәгерлердің айтуынша, автотұрақта тұрған екі жеңіл көлік бір мезетте отқа оранған. Алғашқы сәттен-ақ өрттің кездейсоқ емес, әдейі қойылғаны байқалған.
Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, жалын өрт сөндірушілер жеткенше ауыздықталған. Дегенмен құтқарушылар қосымша қауіпсіздік шарасы ретінде көліктерді қайта сулап шыққан. Зардап шеккендер жоқ.
Ал бүгін таңертең облыстық полиция департаменті көліктердің өздігінен жанбағанын ресми түрде растады.
Полицияның хабарлауынша, 25 қаңтар күні сағат 18:10-да бұрын сотты болған 66 жастағы жергілікті тұрғын алкогольдік мас күйде учаскелік полиция пунктінің маңында екі көлікті — «Chevrolet Cobalt» және «Changan» маркаларын өртеп жіберген. Аталған көліктер полиция қызметкерлеріне тиесілі болған.
«Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Күдікті ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 2-бөлігі — «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Оған 3 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қаупі төніп тұр.
Белгілі болғандай, өртелген көліктер — учаскелік полицейлердің қызметтік емес, жеке автокөліктері. Оның үстіне екі көлік те несиеге алынған.
Енді келтірілген материалдық шығынды өндіріп алу азаматтық сот тәртібімен жүзеге асырылмақ.
Материал авторы