248

Ресей Луиш Нанидің «Ақтөбеге» ауысуын сынға алды

Манчестер Юнайтед жұлдызы енді Ақтөбеде ойнайды.

Ресей Луиш Нанидің «Ақтөбеге» ауысуын сынға алды
instagram.com/luisnani

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәскеудің «Динамо» клубының бұрынғы қорғаушысы Виталий Дьяков португалиялық шабуылшы Луиш Нанидің қазақстандық «Ақтөбе» футбол клубына ауысуына күмәнмен қарайтынын айтты. Оның пікірінше, бұл трансфер спорттық нәтижеден гөрі маркетингтік мақсатты көздейді.

Sovsport.ru сайтына берген сұхбатында Дьяков Нанидің келуін қысқа мерзімді ақпараттық қадам деп бағалады. Айта кетейік, португалиялық футболшымен жасалған келісімшарт 2026 жылдың соңына дейін есептелген.

«Егер Қазақстанда МедиаЛига форматына жақын жоба жасағысы келсе, Нани – лайықты нұсқа. Ал нағыз бәсеке тұрғысынан қарасақ, онда Шмейхельдің әкесін де шақыруға болады. Нани біздің МедиаЛигада бір матчқа ғана шыққан. Иә, оның есімі мен тәжірибесі бар, бірақ жас факторын ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстан чемпионаты Ресейдің МедиаЛигасынан әлдеқайда мықты. Егер ол онда өзін көрсете алмаса, мұнда қандай нәтиже береді?» – деді Дьяков.

Сондай-ақ ол Нанидің қазіргі физикалық дайындығына да күмән білдірді.

«Мүмкін, оған бабына келу үшін уақыт қажет шығар, бірақ мен бұған сенбеймін. Ашық айтып отырмын. Егер дәл қазір «Ақтөбе» Модричті шақырса – сұрақ туындамас еді. Ал бүгін Дель Пьероға немесе Тоттиге келісімшарт ұсынсаң, нәтиже күту қиын. Мұндай футболшылар жанкүйерді стадионға жинайды, бірақ спорттық тұрғыдан…» – деді ол.

Дьяковтың пайымдауынша, Нанидің трансфері — қысқа мерзімді жарнама:

«Бұл – бірнеше айға есептелген назар аударту акциясы. Мұны байыпты спорттық трансфер деу қиын. Ақпараттық әсері күшті, әрине. Барлығы «Қазақстанда бұрын «Манчестер Юнайтедте» ойнаған, Еуропа чемпионы, Криштиану Роналдудың бұрынғы серіктесі өнер көрсетеді» деп жазады. Мұндай тақырыптар әрдайым өтімді. Бірақ «Ақтөбе» Наниге негізгі ойыншы ретінде шындап сеніп отыр деп ойламаймын».

Бұған дейін Луиш Нанидің Қазақстан Премьер-лигасы тарихындағы ең жоғары жалақы алатын футболшыатануы мүмкін екені хабарланған еді.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында 39 жастағы шабуылшы кәсіби мансабын аяқтағанын мәлімдеген. Оның соңғы клубы португалиялық «Эштрела» болды.

Материал авторы