Астана полициясы жемқорлық туралы әнмен тараған видео үшін жауап беруге мәжбүр болды (ВИДЕО)
Студент көлігін қайтарып алған соң коррупция туралы әнмен видео жариялаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада әлеуметтік желіде кеңінен тараған видеолардан кейін полиция түсініктеме беруге мәжбүр болды. Желіде өзін белсенді студент әрі блогер ретінде көрсететін жас жігіт жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, кейін полицияға қалай түскенін және көлігін жемқорлық туралы әннің әуенімен айыппұл тұрағынан қалай алып шыққанын жариялаған.
Видеолар тізбегінде алдымен Changan маркалы көліктің қауіпті маневр жасап, басқа жүргізушілерге қатер төндірген сәті көрсетіледі. Келесі жазбада блогердің полиция бөлімінде отырғаны байқалса, үшінші видеода ол айыппұл тұрағынан көлігін алып шығып, кадрды жемқорлықты меңзейтін әнмен әрлейді.
Оқиғаға қатысты Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасады. Құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында аталған видеоны анықтағанын хабарлады.
Полиция дерегінше, жүргізуші жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет өрескел бұзып, қауіпті әрекеттерге барған. Нәтижесінде прокуратурамен бірлесіп, оған төрт әкімшілік хаттама толтырылған. Ал көлік уақытша коммуналдық айыппұл тұрағына қойылған.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, барлық айыппұл толық өтелгеннен кейін көлік иесіне қайтарылған. Полиция бұл істе ешқандай заңбұзушылыққа жол берілмегенін атап өтті.
Материал авторы