Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта басталды
Өрттен кейін ТШО мұнай өндіруді уақытша тоқтатқан еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Теңізшевройл» (ТШО) Теңіз кен орнында электр энергиясын тарату жүйесі қауіпсіз іске қосылғанын және шикі мұнай өндіруді қайта бастау жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
Компанияның ақпаратынша, мұнай өндіру бастапқы кезеңде жанданды. Қазіргі уақытта өндіріс көлемін жағдайға қарай біртіндеп арттыру көзделіп отыр.
Еске салайық, биыл 18 қаңтар күні сағат 09:55 шамасында Атырау облысының Жылыой ауданындағы Теңіз кен орнында Үшінші буын зауытында өрт тіркелген еді. Оқиға 52-учаскеде болған. Алдын ала мәліметке сәйкес, өрт газтурбиналық генераторлар ГТГ-1 мен ГТГ-2 арасындағы трансформатор маңында шыққан. Өрт оқшауланып, Үшінші буын зауыты уақытша рециркуляция режиміне көшірілді.
19 қаңтарда ТШО қауіпсіздік мақсатында және ықтимал тәуекелдердің алдын алу үшін Теңіз және Королевское кен орындарында мұнай өндіру уақытша тоқтатылғанын хабарлаған. Қазіргі таңда компанияның техникалық қызметтері оқиғаның түпкі себебін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Технологиялық ақаудың, атап айтқанда газтурбиналық қондырғылардың ажырауына байланысты барлық мән-жайды анықтау үшін Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі арнайы комиссия құрды.
Материал авторы