SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта Ержан Бабакумаровтың өліміне байланысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті.
Іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі — «Адам өлтіру» дерегі бойынша қаралуда. Процеске судья Айжан Құлбаева төрағалық етеді. Ол бұған дейін Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Ержан Бабакумаров танысымен болған жанжал кезінде қаза тапқан. Қайғылы оқиға 2025 жылдың қазан айында болған.
30 қазанда әлеуметтік желілерде Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровтың қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған. Ол бұл қызметті 2019–2022 жылдар аралығында атқарған.
Кейінірек мәліметті полиция растады. Ресми дерекке сай, марқұм мен танысы арасында төбелес болған, күдікті ұсталып, қамауға алынған. Оқиғаға байланысты Бас прокуратура мен Мәдениет министрлігі де түсініктеме берген.
2026 жылғы 12 қаңтарда қылмыстық істің елорда сотына жолданғаны белгілі болды.
RUS