Алматыда автобус жүргізушісі аялдамаға тоқтаған сәтте қайтыс болды
Жүргізушінің кенет жүрегі тоқтап қалған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда №92 бағыттағы автобустың жүргізушісі рейс барысында қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, 55 жастағы ер адамға жүрек талмасы тиген. Бұл туралы «АлматыЭлектроТранс» ЖШС хабарлады.
Компанияның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылғы 25 қаңтар күні сағат 14:35-те КАП-2 диспетчерлік қызметіне №92 маршруттағы автобустың (борттық нөмірі — 2633) жүргізушісінің жағдайы күрт нашарлағаны жөнінде хабар түскен. Марқұм 1971 жылы туған.
Оқиға Абай даңғылы мен Саин көшесінің қиылысында, автобус бағдаршамның тыйым салынған сигналына тоқтаған сәтте болған. Жүргізушінің кенеттен жағдайы ауырлап кеткен.
«Жолаушылардың бірі жедел әрекет етіп, жүргізуші кабинасына кіріп, тежегіш педалін басқан. Соның арқасында ықтимал салдардың алдын алуға мүмкіндік туды», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Жолаушылар бірден жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер оқиға орнына жеткенде жүргізушінің қайтыс болғанын растады. Алдын ала диагноз — жедел миокард инфаркті.
Анықталғандай, жүргізуші сол күні сағат 06:10-да міндетті медициналық тексеруден өткен, ал автобус 06:24-те рейс алдындағы техникалық бақылаудан өткен. 25 қаңтар оның 2/2 кестесіне сәйкес маршруттағы алғашқы жұмыс күні болған.
Оқиға орнына Әуезов аудандық жол полициясы басқармасының қызметкерлері жеткен. Автобусқа техникалық зақым келмеген, жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Тергеу әрекеттерінен кейін көлік паркіне жеткізілген.
Марқұм 2023 жылдың тамыз айынан бері «АлматыЭлектроТранс» ЖШС-де жұмыс істеген. Жұмысқа қабылдану кезінде және қызмет барысында диспансерлік есепте тұрмағаны хабарланды.
Материал авторы