Геннадий Головкин Ташкентте Өзбекстан президентімен кездесті
Головкин бокстың мемлекеттік деңгейде қолдау табуын атап өтті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, World Boxing халықаралық федерациясының басшысы әрі Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің төрағасы Геннадий Головкин Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Кездесу Ташкент қаласында өтті.
Головкин бұл туралы Instagram парақшасында хабарлап, мемлекет басшысымен бокстың дамуына қатысты мәселелер талқыланғанын мәлімдеді.
«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевке шақырғаны және Ташкенттегі жылы қабылдауы үшін алғыс білдіремін. World Boxing федерациясының басшысы ретінде бокстың ең жоғары мемлекеттік деңгейде қолдау табуы мен үшін ерекше маңызды.
Кездесу барысында спорттың бұл түрін дамыту, оның халықаралық және олимпиадалық қозғалыстағы рөлі жөнінде мазмұнды әңгіме өрбіді», — деп жазды Геннадий Головкин.
Айта кетейік, соңғы жылдары Өзбекстан боксы халықаралық ареналарда тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл бағыттағы мемлекеттік қолдау бірнеше рет ресми деңгейде айтылған.
Материал авторы