SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың отбасының мүддесін қорғайтын адвокат полицияда түсірілген видеоматериалдың желіге тарап кетуіне байланысты шағым берді. Бұл туралы «31 арна» мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбада марқұм қыздың полицияда берген жауабы көрсетілген. Кадрларда ол күдіктіге шағымы жоқ екенін айтқан. Аталған видеоны бұрынғы құқық қорғау қызметкері жариялағаны белгілі болды.
Жәбірленуші тараптың адвокаты Сержан Нұрпейісов экс-полицейге қатысты құпия дәлелдерді таратқаны үшін ресми шағым түсіргенін мәлімдеді.
«Бұл жаңалық біз үшін күтпеген жағдай емес. Бейнежазба — тергеу барысындағы дәлелдердің бірі және ол іс толық аяқталмайынша жария етілмеуі тиіс. Мұнда тергеу құпиясы өрескел бұзылған. Мұндай әрекеттер үшін, тіпті қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Біз шағым бердік, енді тергеу құқықтық баға береді», — деді адвокат.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, аталған видеоны жариялау істің негізгі мәнін көмескілейді әрі қоғамды жаңылыстырады.
«Бұл жерде сталкинг деген ұғым бар. Күдікті қызды жүйелі түрде аңдып, қудалаған. Сол себепті марқұм полицияға бірнеше рет жүгінген. Алайда видеода осы жайт мүлде айтылмайды. Тек қызды алып кету фактісі ғана алға тартылады», — деді депутат.
Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкент тұрғыны Нұрай Серікбай пышақ жарақаттарынан көз жұмды. Қылмысқа дейін күдіктінің оны қорқытып, аңдығаны айтылған. Қыздың ата-анасы полицияға арыз түсіргенімен, ол кезде қылмыстық іс қозғалмаған.
16 қаңтарда Ішкі істер министрлігі Шымкент қалалық полиция департаментінде қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының әрекеттерін тексеруді тапсырды. Нәтижесінде Шымкент полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, бірқатар қызметкерге салғырттық бойынша қылмыстық іс қозғалды.
RUS