Қазақстанға тағы да әлемдік жұлдыздар концерт беруге келеді
Елімізге концерттер арқылы туристер ағылмақ.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда Event-туризм саласында жаңа жеке жоба іске қосылмақ. Solana City жобасы аясында елордада және Алматыда әлемдік деңгейдегі концерттер ұйымдастырылады.
Event-туризмнің дамуы бизнестің ірі жобаларға қызығушылығын арттырып келеді. Биыл мамыр айында ұйымдастырушылар Астана мен Алматыда Flo Rida, Nicole Scherzinger, Tyga, Busta Rhymes, Timbaland, Keri Hilson және арнайы қонақтардың қатысуымен концерттік шара өткізуді жоспарлап отыр. Қатысушы арнайы қонақтың есімі кейін жарияланады.
“Kazakh Tourism” компаниясы туроператорлармен бірлесіп туристік пакет әзірлеу үшін арнайы штаб құрды. Бұл концерттерді экскурсиялармен және туристік локациялармен үйлестіруге мүмкіндік береді. Өткен жылы осындай тәжірибе сәтті қолданылған еді, — деп атап өтті “Kazakh Tourism” АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы. Әр қалада көрермен саны шамамен 30 мың адам болады деп күтілуде. Үндістан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай және Ресей тұрғындары билеттерді алдын ала сатып алған.
Solana City жобасы бір аумақта халықаралық деңгейдегі іс-шараларды біріктіріп, жыл бойы туристер мен ел тұрғындары үшін ашық қызмет көрсетуді жоспарлап отыр. Жоба аясында этноауылдар, кемпингтер, глэмпингтер, гастрономиялық кеңістіктер, қолөнер аймақтары және арт-инсталляциялар орнатылатын болады. Сондай-ақ, жобада 1000-ға дейін жаңа жұмыс орны құрылады, — деп хабарлады «Solana» компаниясының басшысы Жанар Байғозина.
Материал авторы