Samsung қысқы Олимпиадаға арнап сатылмайтын Galaxy Z Flip7 смартфонын шығарды

Смартфон 3 800 олимпиадашыға тегін таратылады.

Samsung қысқы Олимпиадаға арнап сатылмайтын Galaxy Z Flip7 смартфонын шығарды
news.samsung.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Samsung компаниясы Galaxy Z Flip7 Olympic Edition деп аталатын бүктелмелі смартфонның арнайы нұсқасын таныстырды. Бұл құрылғы 2026 жылы Италияның Милан мен Кортина қалаларында өтетін Қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшыларға ғана арналып жасалған. Смартфон ашық сатылымға шығарылмайды.

Олимпиада және Паралимпиада ойындарының жаһандық серіктесі ретінде Samsung аталған құрылғыны шамамен 90-ға жуық елден келетін 3 800 спортшыға тегін таратады. Жоба спортшылардың Олимпиада аумағындағы күнделікті логистикасын жеңілдетуге әрі жарыс барысындағы әсерлерін тіркеу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.

Galaxy Z Flip7 Olympic Edition 2026 жылғы қысқы ойындарға бейімделген бірегей дизайнмен ерекшеленеді. Артқы шыны панель фирмалық көк түске боялған — бұл Италияның «лазурь» түсін меңзейді. Ал алтын түсті металл жақтауы жеңіске ұмтылудың символы ретінде таңдалған.

Смартфонмен бірге көк дөңгелек магниті мен алтын лавр жапырағы бейнеленген мөлдір қорғаныш қап беріледі. Бағдарламалық интерфейсте коньки мен мұз арасындағы қозғалыстан шабыт алған арнайы тұсқағаздар қолданылады.

Olympic Edition нұсқасының техникалық сипаттамалары стандартты Galaxy Z Flip7 моделіне толық сәйкес келеді. Құрылғы жақтаусыз FlexWindow экранымен жабдықталған ықшам бүктелмелі дизайнға ие. Камера жүйесі 50 мегапиксельді негізгі және 12 мегапиксельді ультракең бұрышты модульден тұрады.

Смартфон спортшылардың қажеттіліктеріне бейімделген Galaxy AI функцияларымен жабдықталған:

Interpreter — интернетсіз жұмыс істейтін нақты уақыттағы аударма құралы;

Now Brief — күнделікті кесте, еске салғыштар және физикалық дайындық туралы қысқаша шолу;

Photo Assist — жасанды интеллект көмегімен суреттерді өңдеу мүмкіндігі;

Dual Recording — бір уақытта алдыңғы және артқы камерамен бейнежазба жасау режимі.

Galaxy Z Flip7 Olympic Edition «Жеңіс селфиі» бағдарламасының негізгі құрылғысына айналады. Бұл жоба 2026 жылғы Олимпиадада алғаш рет іске қосылып, жүлдегерлерге тұғырда тұрған сәтінде өз смартфонымен суретке түсуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Samsung «Жеңіс профилі» жобасын ұсынды. Бұл бастама аясында Galaxy S25 Ultra көмегімен түрлі елдердің ұлттық олимпиада комитеттері атынан қатысатын спортшылардың портреттері жасалып, олардың жеке өмірі мен жолы көрсетіледі.

Galaxy Z Flip7 Olympic Edition мына сервистермен алдын ала жабдықталады:

100 ГБ тегін интернеті бар 5G eSIM;

спортшылар арасындағы байланысқа арналған Galaxy Athlete цифрлық платформасы;

олимпиадалық қызметтерге арналған цифрлық рұқсаттарды сақтайтын Samsung Wallet;

жарыстар жаңалығы мен психологиялық қолдау ұсынатын Athlete365 қосымшасы.

Құрылғыларды спортшыларға табыстау 30 қаңтарға жоспарланған. Смартфондар алты қалада орналасқан олимпиада ауылдарында үлестіріледі. Samsung сондай-ақ техникалық қолдау мен деректерді көшіруге арналған арнайы қызмет көрсету пункттерін іске қосады.

Материал авторы