SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында киіктер елді мекендерге кіріп, ауыл аумағында еркін жайылып жүр. Соңғы күндері жануарлардың бірнеше аудан аумағында жаппай көрінуі тұрғындардың назарын аударып, әлеуметтік желілерде фото және бейнематериалдар тарады.
Kazinform агенттігінің хабарлауынша, киіктердің ауылдарға жақын келуі Құрманғазы ауданынан басталған. Тұрғындар соңғы 3-4 күнде жануарлардың елді мекендерге кіріп кеткенін өз көздерімен көргенін айтады. Осындай жағдай Исатай, Махамбет және Индер аудандарында да тіркелген.
Мамандардың түсіндіруінше, киіктердің жаппай көшуіне көршілес Батыс Қазақстан облысындағы қалың қар себеп болған. Қорек іздеген жануарлар Каспий теңізі жағалауына қарай бет алып, Атырау облысының аумағы арқылы өткен. Соңғы бір аптада өңірден шамамен небәрі бір миллионға жуық киік өткен деген болжам бар.
Осыған байланысты орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлері азаматтарды жағдайды пайдаланып, киіктерді атуға немесе аулауға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Киік — саны реттелетін жануарлар қатарына жатады, ал оны аулау тек күз мезгілінде, қыркүйек пен қараша айлары аралығында ғана рұқсат етіледі.
«Киіктердің негізгі азығы — теңіз жағалауындағы қамыс. Малдың өтуін шектеу үшін тартылған торлы қоршаулар жануарлардың көші-қон жолына кедергі келтіріп отыр. Сол себепті киіктер балама бағыт іздеп, ауыл аумақтарына кірген. Қазіргі уақытта киіктерді атуға немесе аулауға қатаң тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес заң бұзғандарға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», — деді аумақтық инспекцияның бас маманы Мереке Шалқаров.
Сонымен қатар Құрманғазы ауданында желтоқсан айының ортасынан бері ірі қара мал арасында жұқпалы аурулар — вирустық диарея мен инфекциялық ринотрахеит анықталған. Осыған байланысты төрт ауылдық округ аумағында малды әкелу, әкету және союға уақытша шектеу енгізілген.
Алайда ветеринариялық қызмет өкілдері бұл аурулардың киіктерге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
«390 шаруашылық тексеріліп, 1 945 бас ірі қарадан ауру анықталды. Оның 892-сі ем қабылдап, толық жазылды. Соңғы уақытта аурудың таралуын киіктермен байланыстыратын жалған ақпарат тарап жатыр. Бұл мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді», — деді Құрманғазы аудандық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Саясат Жәнібеков.
RUS