Трамп құрған Бейбітшілік кеңесі Қазақстан туралы пост жазды
Қазақстан — Трамптың халықаралық ұйымының негізін қалаушылардың бірі деп аталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» (Peace Council for Gaza) ресми X (бұрынғы Twitter) парақшасында Қазақстанға арналған жазба жарияланды.
Ұйым өз жарияланымында Қазақстанды халықаралық құрылымның негізін қалаушы мүшелерінің бірі ретінде қарсы алатынын мәлімдеген.
«Бейбітшілік кеңесі өсіп келе жатқан халықаралық ұйымымыздың негізін қалаушы мүшесі ретінде Қазақстанды қуана қарсы алады», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар кеңес құрамына енген өзге де бірқатар мемлекеттерге қатысты құттықтау жазбалары жарияланған.
Еске салайық, 22 қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесінің» жарғысына қол қойды. Осы мақсатта Мемлекет басшысы Трамптың шақыруымен Давосқа арнайы жұмыс сапарымен барған болатын.
Аталған ұйымның жарғысына АҚШ пен Қазақстаннан бөлек Армения, Аргентина, Әзербайжан, Болгария, Венгрия, Индонезия, Иордания, Косово, Пәкістан, Парагвай, Қатар, Сауд Арабиясы, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Өзбекстан және Моңғолия да қол қойған.
Материал авторы