SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай қоғамға қауіпті тренингтік курстардың қызметіне қатысты дабыл қағып, Үкімет пен Бас прокуратурадан шұғыл шара қабылдауды талап етті. Оның айтуынша, «даму», «көшбасшылық» деген атаумен жарнамаланатын кейбір орталықтар азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық және қаржылық тұрғыда тонап отыр.
Депутат бұл мәселені Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда қоғам санасын улайтын жат құндылықтарға қарсы нақты бағдарламалар әзірлеу қажет екенін айтқаннан кейін қайта көтеріп отырғанын атап өтті.
Сауалда нақты мысал келтірілген. Vybor.kz платформасы арқылы белсенді жарнама жасап отырған MINDFULNESS оқу орталығы бірнеше сатылы курстар ұсынады. Бағасы арзан емес: бастапқы курс — 50 мың теңге, «трансформациялық» деңгей — 95 мың, «көшбасшылықты дамыту» — 150 мың теңге. Ал онлайн форматтағы «эмоционалдық еркіндік» курсы 200 мың теңгеге дейін жетеді.
Депутаттың айтуынша, мұндай орталықтардың жұмыс әдісі ұқсас. Қатысушылардан телефондарын жинап алады, кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген «жаттығулар» басталады. Адамдарды көпшілік алдында жеке мәселесін ашық айтуға мәжбүрлейді, эмоциялық шектен шығаратын әрекеттер жасатады. Кейбір жағдайларда адамдық қадір-қасиетті таптайтын тапсырмалар берілетіні айтылды.
Екінші кезеңде қысым күшейе түседі. Қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту міндеттеледі: ер адамға әйел киімін киіп көшеге шығу, өзін қаңғыбас кейпіне салып қоқыс маңында тамақ жеу сияқты тапсырмалар берілуі мүмкін. Осылайша, тренингтер адам санасын тәжірибе алаңына айналдырады.
Ал курс аяқталған соң қатысушыдан міндетті түрде жаңа адамдар тарту талап етіледі. Орындамаған жағдайда қорқыту, психологиялық қысым көрсету, бұрын айтылған жеке мәліметтерді жариялаймыз деген үрей арқылы ықпал ету жалғасады.
Депутат мұндай әрекеттерді қарапайым тренинг емес, деструктивті ағымға тән белгі деп бағалап, оны қатаң бақылауға алуды ұсынды. Осыған байланысты ол уәкілетті органдардан тренинг бағдарламаларын тексеруді, заң бұзушылықтарға құқықтық баға беруді және бұл саланы лицензиялау мен мемлекеттік реттеу тетігін енгізуді талап етті.
RUS