Нетаньяху: Газада Палестина мемлекеті құрылмайды
Нетаньяху Трамп жоспары аясында Газаның болашағына нүкте қойды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газа секторында палестин мемлекетінің құрылуына жол берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, аймақты қалпына келтіру мәселесі ХАМАС толық қарусыздандырылып, Газа толық демилитаризацияланғаннан кейін ғана қарастырылуы мүмкін.
Нетаньяху 27 қаңтарда жасаған мәлімдемесінде Израиль Иордан өзенінен Жерорта теңізіне дейінгі аумақты, соның ішінде Газа секторын да бақылауда ұстайтынын ашық айтты. Премьер-министрдің сөзінше, Газа аумағында қандай да бір палестин мемлекетін құру туралы әңгіме мүлде күн тәртібінде жоқ.
«Мен Газаны демилитаризацияламай тұрып қалпына келтіруге рұқсат береміз деген сөздерді естіп жүрмін — бұл болмайды. Түркия мен Қатар әскерін Газада орналастырамыз деген де әңгіме бар — ол да іске аспайды. Газада палестин мемлекетіне жол беремін дегенді де естідім. Ондай болған емес, әрі болмайды», — деп келтіреді Нетаньяхудың сөзін The Times of Israel басылымы.
Израиль үкіметінің басшысы 26 қаңтарда соңғы израильдік тұтқын — 24 жастағы Ран Гвилидің сүйегі қайтарылғаннан кейін елдің басты мақсаты ХАМАС-тың қару-жарағын толық жою екенін атап өтті. Бұл үдеріс содырлар пайдаланған жер асты туннельдерін жоюды да қамтиды. Нетаньяхудың айтуынша, бұл мақсат «оңай жолмен болсын, қиын жолмен болсын — бәрібір жүзеге асады».
Қақтығыстың өршуі және атысты тоқтату
Таяу Шығыстағы жағдай 2023 жылдың 7 қазанында күрт ушыққан еді. ХАМАС Израильге жаппай шабуыл жасап, зымыран атқылап, ел аумағына басып кірген. Израиль билігінің дерегінше, сол кезде шамамен 1200 адам қаза тапқан, 250-ге жуық адам тұтқынға алынған. Кейін олардың бір бөлігі айырбас арқылы босатылып, бір бөлігі қаза болды.
Израиль жауап ретінде ХАМАС-қа қарсы соғыс жариялады. ХАМАС бақылауындағы денсаулық сақтау ведомствосының мәліметінше, Газа секторында 71 мыңнан астам палестиндік қаза тауып, шамамен 170 мың адам жараланған. Алайда бұл деректерде қаза тапқандардың нақты санаты мен статистика есептеу тәсілі ашық көрсетілмеген.
Трамптың бейбіт жоспары және «Бейбітшілік кеңесі»
2025 жылдың қазанында Израиль мен ХАМАС АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі әзірлеген бейбіт жоспар аясында атысты тоқтату туралы келісімге келген. Келісімнің орындалуына АҚШ, Түркия, Қатар және Мысыр кепілгер болды.
Қаңтардың ортасында Ақ үй Трамптың Газаға арналған жоспарының екінші кезеңі басталғанын хабарлады. Бұл кезеңде «Бейбітшілік кеңесі» мен оған бағынатын Ұлттық комитет құрылып, Палестина ұлттық әкімшілігі аймақты басқаруға дайын болғанға дейін уақытша басқару осы құрылымға жүктелмек.
Материал авторы