296

Ақтаудағы ойын-сауық орталығында жасөспірімдер қыз баланы соққыға жықты (ВИДЕО)

Фотокабинадан басталған жанжал төбелеске ұласты.

Ақтаудағы ойын-сауық орталығында жасөспірімдер қыз баланы соққыға жықты (ВИДЕО)
ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаудағы «Saya Park» сауда-ойын-сауық орталығында жасөспірімдердің қатысуымен болған жанжал салдарынан қыз бала зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Оқиғаның мән-жайын құқық қорғау органдары анықтап жатыр.

Оқиғаға қатысты бейнежазба әлеуметтік желілерде 28 қаңтар күні тарады. Ал жанжалдың өзі 25 қаңтар, жексенбі күні кешке болғаны белгілі болды.

Куәгерлердің айтуынша, қыз бала фотокабинада суретке түсіп тұрған кезде бірнеше жасөспірім әдейі мазасын алып, ішке кіріп-шығып, перделерін тартқылап, жанжалға итермелеген. Көп ұзамай сөзге келу төбелеске ұласып, қыз баланы бірнешеуі жабылып ұрған. Оқиғадан кейін жәбірленуші медициналық мекемеге жеткізілді.

Маңғыстау облыстық полиция департаменті жанжалға қатысқан барлық жасөспірімдердің анықталып, ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілгенін хабарлады. Кәмелетке толмағандармен және олардың заңды өкілдерімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Тексеру нәтижесінде жасөспірімдердің бірінің анасы баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Материал кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданып, жасөспірім профилактикалық есепке алынды. Онымен және отбасымен жұмыс жалғасады.

Ал «Saya Park» сауда орталығының әкімшілігі болған оқиғаға алаңдаушылық білдірді. Олардың мәліметінше, жанжалдан кейін кезекші қызметкерлер мен қауіпсіздік қызметі жедел әрекет етіп, жедел жәрдем мен полиция шақырылған. Қазір оқиғаға қатысқандардың жағдайы қанағаттанарлық, денсаулығына қауіп жоқ. Сауда-ойын-сауық орталығына қатысты шағым түспеген.

«Кәмелетке толмағандар қатысқан мұндай жағдайлар аса алаңдатады. Алдын алу шаралары күшейтіледі деп үміттенеміз. Қонақтардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз, ал агрессия мен жанжалға жол берілмейді», – деп мәлімдеді орталық әкімшілігі.

Материал авторы